Фото: © Pixabay
Мәжілістегі сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Magnum» сауда желісінің сөрелерін ресейлік өнімдер жаулап жатқаны туралы дабылдарға жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Бөлшек саудадағы сауда желілерінің үлесі 20%-дан аспайды. Magnum – қамтыған ауқымы өте үлкен ірі желінің бірі. Жұмыртқа сатушылардың мысалын келтіріп көрейік, көп жағдайда тауардың ақырғы бағасы сатушы қосатын үстеме құнға, сыйақы мен ретро-бонустарға байланысты. Жұмыртқаның өзіндік құны, жеткізу, сақтау шығыны қанша болатынын жайып салдық та, сауда желілерімен үстеме құнды 15%-дан асырмау керектігін айттық. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша мұндай ұғым жоқ. Жұмыртқа бағасы бойынша бүкіл сауда желілерімен меморандум бекіткенбіз. Қалған 19 түрлі тауар бойынша мониторинг жүргіземіз», - деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ, ол отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін «Қарапайым заттар» бағдарламасы бойынша субсидия төленетінін еске салды.
«Астанада сауда желісінің 26 түрі, үй астындағы 2 мың дүкен бар. Біз пайыздық мөлшерлеме мен өнім ассортиментін талдап қарадық. Мысалы, біздің ұн ресейлік ұннан арзан. Ол жерде олигарх, шағын өндіруші деп жіктеу жоқ, бұл - нарық. Баға мен сапа ел көңілінен шығып тұрса, сауда желісі сатуға алады», - деді министр.