08 қар, 2023 сағат 15:15

Министр Қостанайдағы форумға жұмсалған миллиардтаған қаржыға қатысты пікір білдірді

Фото: kostanay-su.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қостанайда өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға жұмсалған қомақты қаражатқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру үшін 13 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалғаны хабарланған болатын. Қалаға Ресей президенті Владимир Путин барады деп жоспарланған еді. Алайда кейін Путин Тоқаевпен бірге форумға Астанадан бейнебайланыс режимінде қатысатыны белгілі болды.

Осыған байланысты журналистер Қуантыровтан миллиардтаған ақша босқа жұмсалмады ма деп сұрады.

"Мен бұл форуммен айналысқан жоқпын, бірақ қаладағы кез келген инфрақұрылым жергілікті тұрғындарға қалады. Іс-шара өтеді, Ресейдің шекаралас өңірлерінен кәсіпкерлер келеді, біздің бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер қатысады. Содан кейін кез келген нысан, соның ішінде визит-орталық өңірді дамыту үшін қажет", - деді Ұлттық экономика министрі мәжіліс кулуарында.

Мысалы, министрдің айтуынша, қазір көптеген облыс орталығында, өкінішке қарай, қонақ үйлер жоқ.

"Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Маңғыстауда әлемдік брендтер бар. 4-5 жұлдызды қонақ үйлер инвесторлардың қызығушылығын тудырады. Жақында мен Оралда болдым. Қалада іс жүзінде жалғыз ғана қонақ үй бар екен", - дейді Қуантыров.

Ол болашақта инфрақұрылым нысандарын инвестициялық тартымдылық үшін пайдалануға болатынын айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қарашада Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді.

Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысады.