08 мау, 2020 сағат 10:30

Министр «Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы түсіндірді

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында шешім қабылдау процесіне тұрғындарды тарту масқатында «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру көзделген», - деді министр онлайн режимде халық алдында есеп беру барысында. 

«Халық қатысатын бюджет» жобасы келесі тәртіп бойынша жүзеге асырылады: веб-порталда идеялар конкурсы өткізіліп, нақты сол ауданның барлық тұрғыны аудандық әкімдікке өздері маңызды деп тапқан жобаны жүзеге асыруды ұсынады. Келіп түскен өтінімдер талданып, кейін ол бойынша «1 тұрғын-1 дауыс» тәртібімен ашық дауыс беру жүргізіледі. 

Дауыс берудің нәтижесі бойынша сарапшылық қауымдастық жобаларды қаржыландыру кезегін белгілейді. Аудандық әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады. Жобалардың авторы, статусы, суреті жарияланады. Жоба авторы тұрғын үй ПИК-і немесе тұрғын бола алады.

2019 жылы жоба аясында азаматтар 1,5 млрд теңгеге ұсыныс беріп, аулаларды абаттандыру, аула және спорт алаңдарын салу жөнінде 69 жоба мақұлданды. 

«Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасын облыстық маңызы бар басқа да қалаларға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп хабарлады Дәленов.