21 нау, 2022 сағат 14:50

Министр Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің жиналу себебін түсіндірді


ҚР Премьер-министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің жиналып қалуына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің Telegram парақшасына сілтеме жасап.

"Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің жиналып қалуына байланысты ақпаратты түсіндіргім келіп тұр. Маштаково/Сырым шекара бекетінде Қазақстанға кіру үшін кезегін күткен көлік саны аз емес. Қазір желіде Ресей өткізбейді, Қазақстан кіргізбейді деген түрлі хабарлама тарап жатыр. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймын. 

Көліктердің тұрып қалуына соңғы бірнеше аптадағы ауа райының қолайсыздығы себеп. Бұл аймақта шамамен 10 күн боран болды, көктайғаққа байланысты жолдар жабылды. Ауа райының қалыпқа келуімен жүк көліктерінің барлығы бірден Ресейдің Маштаково өткізу бекетіне келіп, көп шақырымдық кезек құрды. Оған қоса, 16-17 наурызда болған қарлы боран кезінде Қазақстанның «Сырым» шекара бекетінде электр жарығы үзілген. Қазақстан тарапынан тауардың кешігуіне осы себеп болды", - деп мәлімдеді Сұлтанов. 

Дегенмен министр қазір жолдардың қайта ашылғанын айтады.

"Сонымен қатар, жүктерді шекарадан өткізу процесін жеңілдету мақсатында қазір біз ветеринариялық инспекторлардың шекара бекетінің аумағына кіруіне рұқсат беру мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Бұл жүргізушілердің жеке ветеринарлық бақылау бекетіне айналып өту қажеттілігін жояды және трансшекаралық сауда процесін жеделдетеді.

Достар, мен шекара трансшекаралық саудадағы жағдайды қадағалап отырамын және ресейлік әріптестерімізбен үнемі байланыстамын. Қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда, біз оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдаймыз", - деп сендірді министр.