12 мау, 2020 сағат 14:10

Министр қаржы пирамидаларының үш белгісін атады

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қаржы пирамидаларының үш ерекшелігін атап, халықты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір пиғылды адамдар басқа азаматтардың өмірлік қиын кезеңін, халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, қаржы пирамидаларын құрады. Олардың мақсаты – халықтың қаражатын қалтаға басу. Мұндай заңсыз ұйымдардың жолын кесу жұмыстарын Экономикалық тергеу қызметі мен ІІМ жүргізеді. Биылдың өзінде Экономикалық тергеу қызметі бұл бағытта 21 қылмыстық іс қозғаған. Сонымен бірге псевдолоторея мәселесі де бар. Мұндай іспен айналысқан адамдар Алматыда анықталған болатын. Автокөлік ойнатып, артынша сеніп қалған азаматтардың қаражатын жымқырған», - деді Ерұлан Жамаубаев халық онлайн есеп беруден кейін ОКҚ-да ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, қаржы пирамидасына қатысты Алматыдағы іс бойынша 200 млн теңге шығын келтірілген. Арызданушылардың саны 2 мыңнан асып кеткен. Қазір ол іс бойынша екі адам қылмыстық іске тартылуда.

«Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін қандай жұмыстарды қолға алып жатырмыз? Ең бірінші кезекте, БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Әлеуметтік желілерге мониторинг жасаймыз. Сонымен бірге біздің қаржылық барлау қызметі екінші деңгейлі банктерге қаржы пирамидаларының типологиясын жолдайды», - деді ол.

Ерұлан Жамаубаев қаржы пирамидалардың бірінші қатысушылары кіріске кенелгенімен, одан кейінгі тартылғандары опық жейтінін жеткізді.

«Қаржы пирамидаларының бір белгісі – ұйымдастырушылар банк депозиттерінен көп табысқа кенелетіңізге уәде береді. Екіншіден, кіріске қандай жағдайда болмасын кенелетініңізге сендіреді. Үшіншіден, мұндай ұйымдар қаржылық жағынан ашық болмайды. Сонымен қатар олар жарнама үшін әлеуметтік желіні ерекше пайдаланады. Мұндай белгілерді сезіп, көріп қалсаңыз, сақ болғаныңыз жөн», - деді ол.