26 қаз, 2022 сағат 17:12

Миграциялық дүрбелең инфляцияны ушықтырды - Ұлттық банк


Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені 16 пайыз етіп белгілеуге инфляция динамикасының жағымсыз қарқынмен өсіп бара жатқаны да себеп болғанын мәлім етті. Ал инфляцияға Ресейден ағылған көштің дүрбелеңі де әсер еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Инфляция жылдық мәнде 17,7%-ға жетті. 22,2%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосып отыр. Азық-түлік инфляциясы құрылымында жұмыртқа, өсімдік майлары, құс еті, нан-тоқаш өнімдері, жарма мен сүт өнімдері бағасының барынша өскені байқалады. Ал жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуі белгілі бір дезинфляциялық ықпал етті.

2022 жылғы қыркүйекте азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,0%-ға дейін жеделдеді. Жиһаз, жуу және тазалау құралдары, үй шаруашылығын жүргізуге арналған тауарлар, көмір, отын және аяқ киім құны да айтарлықтай өсті», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның сөзіне қарағанда, тұтыну бағасының жылдық өсімі қыркүйек айында 26,8%-ға дейін жеделдеген.

«2022 жылғы қыркүйек айында ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 12,3%-ға жетті. Тұрғын үй жалдау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінің жекелеген түрлері құнының өсуі де инфляцияға негізгі үлес қосты.

Қыркүйекте базалық инфляция 19,7%-ға жетіп, жылдық инфляцияның тұрақты өсуін көрсетті. Бұл тауарлар мен қызметтер бағасының жоғары қарқынмен өсуін растайды.

Тұтыну бағасының жедел қарқынмен өсуі барлық көрсеткіштер бойынша байқалуда. Мәселен, соңғы айларда маусымдық факторды ескермегендегі инфляция тұрақты өсуде. Оның жылдық мәнге келтірілген көрсеткіші шілде айында 17,7%-ға дейін баяулағаннан кейін тамыз айында 23,2%-ға дейін өсті, қыркүйек айында 26,8%-ға дейін жеделдеді.

Биылғы қыркүйек айында алдағы бір жылға күтілетін инфляцияны медиандық бағалау 16,9% болды. Респонденттер мұны азық-түлік пен жанар-жағармай бағасының өзгеруіне, сыртқы оқиғаларға, сондай-ақ айырбастау бағамының өзгеруіне байланыстырып отыр. Бұл өзінің уақытша сипатына қарамастан инфляциялық күтулерге айтарлықтай ықпал ететін миграциялық шок себебінен орын алуда», - деді Ұлттық банк төрағасы.