14 қыр, 2020 сағат 11:05

Microsoft TikTok иесінің қосымшаны сатудан бас тартқанын хабарлады

Microsoft компаниясы қытайлық компанияның шағын видеолар алмасуға мүмкіндік беретін TikTok қосымшасын сатудан бас тартқанын хабарлады. 

"TikTok иесі ByteDance бүгін бізге TikTok-тың америкалық сегментін сатпайтынын хабарлады" делінген 13 қыркүйекте Microsoft жариялаған мәлімдемеде. 

Бұған дейін АҚШ қосымша ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп мәлімдеп, президент Дональд Трамп TikTok иелерін қосымшаны америкалық компанияларға сатуға кеңес берген еді. 

Дереккөзге сүйенген америкалық БАҚ ByteDance компаниясының қосымшасын Oracle сатып алуы ықтимал екенін жазды. Алайда TikTok те, Oracle де бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді. 

Өткен айда АҚШ президенті Дональд Трамп қосымшаны қолданатын адамдардың жеке деректері Қытайдың арнайы қызметінің қолына түсуі мүмкін деп мәлімдеп, қыркүйектің ортасында TikTok-ты жабатынын айтқан. еді. Ол ByteDance-тен TikTok-тің АҚШ-тағы операцияларын америкалық компанияларға сатуды талап еткен. TikTok қолданушылар туралы мәлімет Қытай билігіне беріледі деген тұжырымды жоққа шығарып, сот арқылы қосымшаға тыйым салу туралы ықтимал шешімнің күшін жоюға тырысып жатыр. 

Әлемде TikTok-тың шамамен 700 миллион қолданушысы бар. 100 миллионы АҚШ-та тұрады.

Азаттық