05 қыр, 2024 сағат 13:27

Мейрамханаларда 10% қызмет көрсету алымы алынып тасталады

Фото:elements.envato.com

Бұл туралы Сенаттың кулуарында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Оның ойынша, тамақтану орындары қызметі үшін ақы алмауы керек, өйткені оның құны тағамдар мен сусындардың бағасына енген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Біз өзгертулер дайындап жатырмыз. Егер қызмет көрсету құны тағамдар мен сусындардың бағасына кірсе, онда ешқандай қосымша төлем болмауы керек. Чектерден 10% қызмет көрсету ақысы алынып тасталады. Егер бұл сома қызмет көрсету құнына енгізілген болса, неге екі рет төлеу керек? Тек егер өз еркіңізбен шайпұл бергіңіз келсе ғана болады. Қызмет ұнаса, сіз өзіңіз шешім қабылдайсыз", — деп түсіндірді Шаққалиев.


Өзгертулер қазан айына дейін дайындалады, алайда кәсіпкерлер бұл өзгерістерге әртүрлі реакция білдіруде.

"Әрине, кейбірі қарсы, олар қосымша табыс табу мүмкіндігінен айырылғылары келмейді... Бұл қалыпты реакция, сондықтан біз олармен диалог жүргізудеміз. Біз ойын ережелерін нақты анықтағымыз келеді: қай кезде бұл қажеттілік, ал қай кезде артық талап екенін анықтау керек", — деп қосты министр.


Шаққалиев сондай-ақ тамақтану орындарындағы депозиттер мәселесіне де тоқталып өтті. Министр клиент алдын ала ескертілген жағдайда олардың заңды екенін айтты.

"Егер кіреберісте жалпыға бірдей оферта болса (қызмет көрсету шарттары жазылған мәтін), сіз сол офертаны оқып, келісіміңізді білдіресіз", — деп қорытындылады Сауда министрі.