01 ақп, 2018 сағат 13:58

Мейрамгүл Қайрамбаева: Фиельструп түсірген фотосурет

Көп уақыт бойы Шәкәрім Құдайбердіұлының нақты бейнесін көруге мүмкіндік беретін тек бір фотосуреті ғана белгілі болып келді. Ол 1912 жылы Семей қаласындағы фото түсіретін арнайы салонда түсірілген портреттік фотосурет еді. Ол фотосуретті НКВД тәркілеген көптеген қолжазбалар мен кітаптарды жағып жатқан кезде тауып алып, басын қатерге тігіп, қажының бейнесін сақтап қалған Шәукен (шын аты Оразғали) Әбдуәлиұлы ұлы туралы өте көп жазылған еді. Кейіннен М.Әуезовтің үйінде Шәукен Ахат Шәкәрімұлына табыстап, ақынның ұлы қайтыс болғаннан кейін бұл фото Ахат Шәкәрімұлының Абай музейіне қабылданған коллекциясымен бірге ұлы ақын музейінің қорында сақталып келеді. Соңғы он жыл шамасында ақынның тағы да екі фотосуреті табылып, қазіргі күні олар ақын туралы құнды дереккөзі болып көптің назарында жүрген фотосуреттер екендігі мәлім. Абайдың мемлекеттік қорық-музейі қызметкерлерінің жүйелі ізденістерінің нәтижесінде 2014 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым Академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының архивінен Шәкәрімнің 1927 жылғы фотосуретінің түпнұсқасы табылды.

1927 жылы этнограф Федор Артурович Фиельструп Қазақстан жеріне экспедицияға келеді. Оның сапары Баянауылдан басталып, Жетісу жерінде аяқталған екен. Экспедицияның мақсаты – кең байтақ жерді мекендеген қазақ халқының әр өңірдегі ұлттық дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігіне қатысты деректер жинау еді. Этнограф өзінің жазбаларында қазақ дәстүрлерінің әр өңірде өзіндік ортақ ұқсастығы мен ерекшеліктеріне айырықша мән берген. Шыңғыстау өңіріне келгенде арнайы Шәкәрім Құдайбердіұлын іздеп келіп, одан құс баптауға қатысты деректермен қатар қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрлеріне қатысты жан-жақты мәліметтерді асықпай, бірнеше күн бойы сұхбаттасып, жазып алған.

Ғылыми іссапардың нәтижесінде белгілі зерттеуші М.Әбдешевтің жорамалдап Шәкәрім қажының суреті деген құс ұстап түскен суретін нақты кім түсіргені және оны түсірген уақыты нақтыланды. Суреттің сыртында Ф.Фиельструптың латын графикасымен орысша жазылған жазбасы бар «Шакарим хаджи со своим беркутом» деген жазбасы бар. Ол тек Шәкәрімді ғана емес, ауыл адамдарын, ауылдың жалпы көрінісін, Шәкәрімнің құсын да жеке фотосуретке түсіріп, олардың сыртына жазбалар қалдырған. Осы жазбаларға сүйене отырып, Шәкәрімнің фотосуреті 1927 жылы 6 шілде күні түсірілген деп айта аламыз.

Қазіргі күні ақынның осы суреті және Шәкәрім ауылының көрінісі бейнеленген фотосуретті Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің Семей қаласындағы Бас музейіндегі Абайдың ақын шәкірттерінің бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған залдан көруге болады.

                                                                           

Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА,

Абайдың мемлекеттік қорық-музейі

директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі

орынбасары.

abaialemi.kz