28 ақп, 2019 сағат 14:38

Мейірбикенің жалақысы 100 мыңға дейін өседі - Елжан Біртанов

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 30 процентке көтеруге қатысты есеп-қисапты жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы 1 шілдеден бастап жалақысы төмен барлық медбикелер және кіші медициналық персоналдың жалақысы 30 процентке өседі. "Мысалы, мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаятын болады. Жалпы, 225 мыңнан астам медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Осыған орай, 2019 жылы республикалық бюджеттен 37,6 миллиард теңге, ал 2020 жылдан бастап 78,7 миллиард теңге бөлінеді", - деді Е.Біртанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, кеше "Нұр Отан" партиясының XVIII сьезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төмен жалақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын 30 процентке көтеруді тапсырды. Бұдан бөлек, әкімдік қызметкерлерінің жалақысы 25 процентке көтеріледі. Осы мақсатта 1 триллионға жуық қаржы бөлінеді.