Бүгін Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен алғашқы рет «Нұрлы жүрек» атты I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың форумы өтті.
Елбасының көтерген рухани жаңғыру туралы идеялары қазіргі қоғамдық санада жылы қабылданып, барлық азаматтарды жаңа идеяның аясында біріктіретін, елімізді ортақ мұратқа ұйыстыратын тұжырым болып отыр. Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік-идеологиялық жобалардың бірі «Туған жер» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында еліміздегі барлық қайырымдылық іс-шараларының үйлестірушісі ҚХА туған жеріне, өсіп-өнген өлкесіне көмек жасауға талпынған азаматтарды қолдау және ынталандыру бағытында игілікті істер атқарып келеді. Маңызы жоғары шараға облыстағы қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар, облыстық ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері, жас кәсіпкерлер, басқарма қызметкерлері, қалалық және аудандық кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – Сыр өңіріндегі қайырымдылық жасаушы меценаттар мен кәсіпкерлерді қолдау, қайырымдылықтың жағымды бейнесін қалыптастыру арқылы қайырымдылықтың дамуына жаңа екпін беру, қайырымдылықпен айналысатын барлық ұйымдар мен азаматтардың бірлесуіне жәрдемдесу болып табылады.
«Нұрлы жүрек» атты I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың форумының алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов алды. Сөз ала отырып, өзгелерге үлгі болардай жаны жомарт 12 қайырымдылық жасаушы мен меценатты марапаттады.
«Бүгінде облыс көлемінде жүрегі жомарт жандардың қолдауымен 732 қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, 227,2 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, 51 ҰОС-ның ардагерлері мен 5855 тыл еңбеккерлеріне 408,4 млн. теңгеге бюджеттен біржолғы материалдық және әлеуметтік көмек берілді.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен қайырымдылық жасаушы кәсіпкерлер мен меценаттардың деректер қоры жасақталды. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті қажет етуші тұрғындардың да тізімі қалыптастырылды. Қайырымдылық көмегін қажет ететін әрбір азамат назардан тыс қалмайды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», - деген данышпан халқымыз.
Атақты орыс жазушысы Лев Толстойдың «Мейірімділік әлемді құтқарады» деген ұлағатты сөзі бар. Және ол бүгінде өзінің өзектілігін бір сәтке де жойған емес. Қай қоғамның болмасын, өзінің мейірімге мұқтаж тобы болатыны ақиқат. Ал, кісіге қайырым жасауды өзіне мұрат еткен жандар қай қоғамда да бар. Олар бүгінде біздің жанымызда жүр. Әсіресе, тәуелсіздігімізді орнықтырып, ертеңгі болашаққа сеніммен қарай бастаған бүгінгі күні ұрпаққа үлгі болар ұлтжанды азаматтардың бой көрсетуі таң қалдырмау керек. Себебі қайырымдылық — адамның асыл қасиеттерінің бірі. Жаны жомарт, қолы ашық, тұла бойы ізгілікке толы азаматтарды дәріптеу, елге үлгі етіп көрсету біздің парызымыз»,- деді облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемұлы.
Аталмыш форум қоғамда әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген азаматтарға қолдау көрсету, ортақ мақсатқа топтастыруды үндейді. Форум аясында сөз сөйлеу құрметі мұқтаждарға мейірімділік танытып, қайырымды бағытта қарымды жұмыстар атқарып жүрген «Нұрай» ЖШС директоры, жаны жомарт, ісі мәрт абзал азамат Сейітқали Алшынбаев пен «Ел Арай» қоғамдық қорының директоры Асхат Байдаулетовқа берілді. Сондай-ақ, жомарт жандарға ізгі лебізін білдіру үшін қайырымдылықтың қолдауын сезініп, үстіміздегі жылдың мамыр айында пәтерлі болған Назерке Кадирова сөз сөйлеп, ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде, кәсіпкер меценаттардың атынан Майя Наримова үндеу оқыды. Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.