14 қаз, 2019 сағат 10:09

Мерзімді әскери қызметшілер Арыстағы жұмысқа тартылған жоқ – Нұрлан Ермекбаев

Мерзімді әскери қызметшілер Арыс қаласы полигонындағы жұмысқа тартылмайды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жоғарғы Бас Қолбасшының бізге берген тапсырмасы бар. Оқ-дәрілерді тезірек алып шығу мақсатындағы мемлекеттік қажеттілік, Арыс қаласы тұрғындарының талаптары баршылық. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Арыстағы жағдайды ретке келтіру үшін 700 әскери қызметші жұмылдырылған.

«Біз ол жаққа мерзімді әскери қызметшілерді тартпаймыз. Онда біліктілігі жоғары, дайындалған саперлер, инженерлер мен әскери полицейлер ғана барады. Барлығы да - келісімшарт бойынша қызметтегілер», - деді ол.

Сонымен бірге министр қаланы оқ-дәріден тазарту жұмыстарын тек маманданған әскерилер жүргізе алатынын мәлім етті.

«Бұл әлбетте, қауіпті жұмыс. Арыс қаласының тыныштығын сақтап, тапсырманы орындау үшін әскери қызметшілер саналы түрде тәуекелге барып жүр. Әскери қызметшілерден басқа ешкім бұл жұмысты атқара алмайды. Бұл үшін, тағы да айта кетейін, дайындығы мығым әскери мамандар тартылған. Дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарына тікелей қауіп жоқ. Қала толығымен тазартылған. Негізгі жұмыс жарылыс болған әскери бөлім аумағында жүргізілуде», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс маңында жарылыстан қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстарына көңіл айтқан болатын.