28 қар, 2025 сағат 11:14

«Менің пәтеріме жүр, демалайық»: Талгарда 60 жастағы ер адам 15 жастағы мектеп оқушысына тиіскен

Фото: Видеодан скриншот
Қыз мектептен қайтып, подъезге жақындаған сәтте ер адам оған келіп, мойнынан құшақтамақ болған. Қорыққан оқушы оны итеріп жіберіп, подъезге қарай жүгіріп кірген. Бұл туралы Ult.kz Jagdai kz телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алайда ер адам оның артынан еріп, белінен ұстап, «пәтерге бірге барайық» деп ұсыныс жасаған. Жасөспірім қыз оның қолынан әрең босап шығып, үйіне жүгіріп кіріп үлгерген. Анасы бірден полиция шақырған.

Оқиға орнына келген учаскелік инспекторлар күдіктінің туыстарының қарсылығына тап болған. Өтініш иелерінің айтуынша, полиция істі тіркеуге асықпаған, «зорлау болмағанын» алға тартқан, алайда ер адамның қызды құшақтап жатқан сәті түсірілген видеоайғақ бар.

Талғар аудандық полициясы әлі күнге дейін қылмыстық істі тіркемеген. Қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар бақылауды күшейтіп, прокуратураның араласуын талап етіп отыр.