Танымал қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий Головкин FOX News радиосына қызықты сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz интернет-порталына сілтеме жасап.
- Сіз бокспен қашаннан айналысасыз?
- 8-9 жасымнан бастап. Інім екеуміз бірге бардық.Біз егіз болғандықтан үнемі бірге жүретін едік.
- Бокспен айналыса бастаған кезде ата-анаңыз не ойлады?
- Қуанған жоқ. Қазір оларға не үшін ұнамағанын түсініп жүрмін, себебі олар менің футболмен немесе тенниспен шұғылданғанымды қалады. Ол жақтағы адамдар мүлдем басқа.
- Сіз Қазақстанда неше жасқа дейін тұрдыңыз?
- 22 жасқа дейін
- Сіз қазір Лос-Анджелесте жүрсіз. Қандай айырмашылық бар?
- Айырмашылық көп. Екі жақты салыстырып, бірдеңе жақсы, бірдеңе жаман дегім келмейді. Әртүрлі орындар, әртүрлі адамдар....
- Сіз «Канело» Альвареспен екі рет айқастыңыз, енді үшінші жекпе-жекті қалайсыз. Бірақ трилогия кейінге қалып жатыр, себебі ол ешкіммен айқаспаған соң титулынан айырылды. Сіз жекпе-жекке шыққыңыз келетін адам сол ма?
- Иә, ол - мен бокстасқым келетін басты қарсыласым. Біз онымен қыркүйекте айқасқымыз келді. Мексиканың Тәуелсіздік күні – 14 қыркүйекте. Ақша көп түсуші еді. Білмеймін, ол неге тиімсіз деп ойлағанын.
- Мүмкін, қорқатын шығар?
- Жол, ол қорықпайды. Ешкім де қорықпайды. Мүмкін, ол ұзағырақ чемпион болып қалғысы келетін шығар, сынға түскісі келмейтін болар.
- Бірақ, ол бас тартқандықтан орта салмақтағы IBF әлем чемпионы титулы бос тұр. Сіз сол үшін Деревянченкомен айқасасыз. Сіздердің жекпе-жектеріңіз қашан?
- 5 қазан.
- Екеуіңіздің біреуіңіз бос тұрған әлем чемпионы титулын иемденеді ғой?
- Иә.
- Кейін «Канело» белбеуді өзіне қайтарғысы келсе айқас өтеді ме?
- Мүмкін. Оны айту қиын. Бұл - бизнес. Бір күні дайынмын деп ойлайсың, келесі күні дайын емеспін дейсің. Бұл - өмір.
- Сіз оны нокаутқа түсіресіз бе?
- Жоқ, - бұл қиын айқас, жоғары деңгейдегі жекпе-жек. «Иә, оны жеңемін» деп айту оңай, бірақ мен өзімнің, ол өзінің жағдайын жақсы біледі. Айқас қиын болады. Бокс – спорттың қиын түрі, бір соққы өміріңді өзгертуі мүмкін. Тек қана айқасты емес, спортшының бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін.
- Сіз - өте қарапайымсыз. Көптеген боксшылар, Мұхаммед Әлидің өзі де қарсыласы туралы жаман сөздер айтқанды жақсы көретін. Қарсыласының миына кіріп, оның тепе-теңдігін бұзуды қалайтын. Сіз - ондай емессіз.
- Мен - ондай емеспін. Менің барым осы, біреу сияқты болғым келмейді. Трэш-токты ұнатпаймын. Мен үшін бокс – спорт, мен бокстың жанкүйерімін, мен нағыз чемпиондарды құрметтеймін.
- Сіз DAZN-мен келісім жасадыңыз. Олар сізге жақсы ақша төлейді. Сіз ақшаны басқара аласыз ба? Спортшылардың өз ақшасын көліктерге, қымбат бұйымдарға, сауық кештерге жұмсаған оқиғалары көп болған.
- Менің отбасыма, балаларыма, өзіме аз қаражат жұмсаймын.
- Демек, ешқандай «Роллс-Ройс» керек емес пе?
- Менде «Роллс-Ройс» болды. Бұл - қалжың.
- Сіз қазір Лос-Анджелесте бассейні бар зәулім үйде тұрып жатсыз ба?
- Жоқ, бірақ мұнда өмір сүру өте қымбатқа түседі.
- Жұбайыңыз сіздің айқастарыңызға барады ма?
- Жоқ, ешқашан. Бұл - оның емес, менің ісім.
- Ұлыңыздың боксқа барғанын қалайсыз ба?
- Жоқ. Ол ақылды, төрт тіл біледі – өскелең ұрпақ. Мен – «бұрынғы мектептің» адамымын, біздің өміріміз әртүрлі. Оның жағдайы басқа.
- Қай жасқа дейін бокстаспақшысыз?
- Білмеймін. Қазір 10 жыл бұрынғыдай күш-қуатым да, жылдамдығым да бар. Оған қоса тәжірибем, танымалдығым, демеушім, жаңа идеям бар. Оның қандай идея екенін айтпаймын – бұл бокс, қауіпті спорт, жағдай кез келген кезде өзгеруі мүмкін.
- Сіз ешқашан нокаутқа түсіп көрмедіңіз. Қалайша?
- Генетика, мені қолдайтын ата-анам, жанкүйерлерім. Салауатты өмір салты.
- Сіз 37 жасыңызда өзіңіздің формаңызды сақтап қалғансыз. Жиі жаттығасыз ба?
- Күн сайын екі рет жаттығамын. Біріншісі – 3 сағат, екінші рет – 4. Күніне 7 сағат. Тіпті, тәулігіне 24 сағат жаттығамын, себебі ұйқыңды, диетаңды қадағалап отыруың керек. Фокусты жоғалтсаң, бәрі бітті.
- Қазақстанға жиі барасыз ба? Ол жақта өмір қалай?
- Кейде барып тұрамын, ол жақта достарым бар. Маған саяхаттаған ұнайды. Ресейде – Мәскеу, Санкт-Петербург, мен тілді білгендіктен маған ол жақта жүрген жеңіл. Ақылды адамдармен кездескенді ұнатамын. Қытай, Малайзия, Жапония – керемет орындар. Ол басқаша әлем.
- Сізге қай жерде айқасқан ұнайды?
- «Мэдисон Сквер Гарденде». Ол - жер бокстың Меккесі. Онда үздік айқастар өтті – Әли, Тайсон жұдырықтасқан. Оның атмосферасы басқаша, барлық көрермендер – бокс сарапшылары, олар үшін айқасқан ұнайды.