24 қаз, 2019 сағат 10:41

Менделеев атындағы 250 мың долларлық сыйлық тағайындалды

БҰҰ-ның жанынан құрылған Білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ЮНЕСКО) атқарушы кеңесі негізгі ғылымдар бойынша Дмитрий Менделеев халықаралық сыйлығын тағайындады. Шешім 21 қазанда  Парижде өткен 207-сессияда қабылданды.

Сыйлық тағайындау Ресейдің бастамасымен ұсынылған. Бұл туралы Ресей Федерациясының химиялық қоғамының баспасөз қызметі хабарлады.

“Қазіргі уақытта бұл ЮНЕСКО қамқорлығымен тұрақты даму үшін іргелі ғылымдар саласындағы жалғыз және ең үлкен сыйлық”, - дейді Ресей химиялық қоғамының баспасөз қызметі.

Бірінші марапаттау рәсімі 2020 жылы өтеді. Қазылар алқасы жыл сайын екі жеңімпазды анықтайды, олардың әрқайсысы жаңашыл ашылымдар, инновациялар және іргелі ғылымдарды дамытуға қосқан үлесі үшін 250 мың доллар сыйақы алады.