10 там, 2018 сағат 13:57

«Мен қазақпын» халықаралық мегажобасының жаңа маусымы басталмақ

Мен қазақпын

Ұлттық арнаның ауқымды ұлттық жобасы биыл да жалғасын табады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі.  

Көрермен көз айымына айналған «Мен қазақпын» халықаралық байқауының жалпы іріктеу кезеңі аяқталып, телевизиялық нұсқасының алғашқы айналымының түсірілімі бүгін мәресіне жетті. 

Қазақтың дәстүрлі ән айту, терме, күй тарту өнерін насихаттау және дәстүрлі өнер жанашырларының мәртебесін көтеру, ұмыт болған ұлттық өнерді жарыққа шығару, Әлем қазақтарының мәдени байланысын нығайтуды мақсат еткен мегажобаға биыл іріктеу кезеңінде 2 мыңнан астам үміткер тілек білдіріп, 800-ден аса өнерпаз қатысқан. 

Қатысушылардан заманауи немесе авторлық шығармаларды емес, дәстүрлі халық ән, күй, термелерін орындауды талап етіледі. Байқаудың алғашқы айналымына 54 өнерпаз қатысқан, оның ішінде Моңғолиядан - 3, Ресейден - 2, Жапониядан - 1 қонақ қатысушы, қалғаны өз елімізден. Бүгінгі келесі кезеңге жолдама алатын 32 үміткердің есімі белгілі болады.  

«Іріктеу кезеңі белгілі жүйе бойынша ауыл, аудан, облыс, ал одан шыққандар республикалық телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Одан бөлек, халықаралық іріктеу болды. Қатысушылардың санымен қатар, сапасы да жоғары деп айтуға болады. Бұл - әділқазылардың сөзі», - дейді «Мен қазақпын» жобасының авторы және бас продюсері Қуаныш Сүлейменов.  


Байқау шарты бойынша 18 бен 40 жас аралығындағы дәстүрлі әнші, күйші, термешілер бақ сынауда. Қазылар алқасы құрамында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бастаған басқа да өнер майталмандары бар.

«Халықаралық жобаның биылғы дайындық жұмысы да ерте басталды. Монғолияда іріктеу жұмыстарын мемлекеттік мерейтойдың үстінен түсіп, жайлауда өткіздік. Ал, Ресейден іріктеуді Астрахань облысынан жасадық. Қытайдан өкінішке орай саяси жағдайға байланысты өнерпаз шақыра алмай отырмыз. Іріктеу жұмыстары туралы күнделік хабар қыркүйек айынан бастап мегажобамен бірге көрсетіледі. Бағдарлама қорытындысы туралы желтоқсан айында галаконцерт өтеді», - дейді бағдарлама продюсері Ержан Қожабеков. Оның айтуынша бағдарламаға қатысуға қызығушылар саны өте көп. Халықаралық жоба келесі жылы да жалғасын табуы мүмкін. Оған Түркиядан, Өзбекстаннан да өнерпаздар шақырылып, ауқымы тіпті де кеңейе түспек. 

Мен қазақпын

Естеріңізге салсақ, бағдарлама қыркүйек айынан бастап демалыс күндері кешкі уақытта көрсетіледі.