2018 жылы мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында 5 млн қателік анықталды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар» атты Үкімет сағатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс барысында Мәжіліс дептутаты Татьяна Яковлеваның айтуынша, әлі күнге дейін азаматтар электронды үкімет порталындағы, Мемлекеттік кірістер комитетінің немесе оның аумақтық бөлімшелерінің сайтындағы қате мәліметтермен бетпе-бет келіп отыр.
«Өзім де қате цифрлармен бетпе-бет келіп қалғаным бар. Қате мәліметтер проблемасына азаматтар, әсіресе, 2018 жылдың жазында банктер салықтық берешегі бар клиенттерге қызмет көрсетпейтіндігін туралы норма күшіне енгеннен кейін тап болды. Осыған байланысты көптеген азаматтар банк есепшоттарын аша алмады, несие ала алмады және өздерінің қарыздары жоқ екендіктерін дәлелдеуге мәжбүр болды. Яғни, адал салық төлеушілер сіздердің ақпараттық жүйелеріңіздегі кемшіліктің тұтқынына айналды», - деген депутат Қаржы министрі Әлихан Смайыловтан бұл кемшіліктер қашан жойылатындығын сұраған еді.
Қаржы министрінің айтуынша, аталған норманы қолдану барысында үш проблема анықталған. Біріншісі - техникалық. Екіншісі - өкілетті органдардың мәліметтер базасындағы деректердің барынша өзектендірілмеуі. Үшіншісі - қате реквизиттер салдарынан салық төлеушілердің салықтық берешегінің болуы.
«Өткен жылы бұл проблемаға тап болғаннан кейін өзектендіру бойынша ауқмды жұмыс жүргіздік. Өткен жылдың ішінде өте үлкен мәліметтерді тексеріп шықтық. Түрлі мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында 5 миллионнан астам қателік анықталып, бірлескен жұмыс барысында оның шамамен 4,7 миллионы өзектендірілді. Яғни, түзетілді. Әлі де шамамен 300 мың қателік бар. Бұл қателіктер салық төлеушінің өзінің қатысуымен ғана түзетіледі. Сондықтан қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен, сәйкесінше өкілетті органдармен бірге жылдың соңына дейін үй-үйді аралауды жоспарлаудамыз. Себебі салық төлеушінің өзі келгенін күту дұрыс әдіс емес сияқты. Жылдың соңына дейін бұл проблеманы түбегейлі шешеміз», - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін, Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова салықтық әкімшілеудегі кемшіліктерді атаған болатын.