Мемлекеттік органдардың барлық есебі бір ақпараттық жүйеге біріктіріледі. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2000 жылдардың басында-ақ қағазсыз құжат айналымына толық көшу міндеті қойылған болатын. Құжаттар электронды түрде жасалып, қағаз түрінде шығарылады. Сондықтан да аталған принципті жүзеге асыруға қатысты Президент Жарлығында бірқатар іс-шара көзделген. Бірінші – норматив аясында қағазбен жұмыс істеуден бас тарту. Бұл аталған бизнес процесті айтарлықтай оңтайландырады. Өйткені, ол қағазды басып шығарудан бөлек әрбір құжаттың парағын салыстырып тексеруді талап етеді. Соған орай құжатты рәсімдеуге біршама жұмыс уақыты жұмсалады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар төраға орынбасары процедуралық мәселелердің де жетілдірілетіндігін атап өтті. Мәселен, жауап берілмеген жағдайда келісім алынды деген құрал енгізіледі.
«Қазіргі уақытта тіпті мемлекеттік органның ескертпесі болмаса да ол жобаны әзірлеушіге жазбаша жауап беруге міндетті. Енді мұндай қажеттілік алынып тасталады. Бұл жауап дайындауға кететін жұмыс уақытын айтарлықтай қысқартады. Әсіресе мұндай норма Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері сияқты міндетті келісім беруші мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетеді. Мемлекеттік органдар арасында сауал жолдауды алып тастау – бұл мемлекеттік органдардың ішкі бизнес-процестерін және байланыссыз өзара іс-қимылды оңтайландыруға бағытталған келесі норма. Ендгі уақытта мемлекеттік органдардан ведомстволық мәліметтерді талап етудің қажеті жоқ. Оларды ақпараттық ресурстан ала салуға болады. Ресурстағы мәліметтер қате болса, онда деректерді өзектендіруге және жаңартуға жауапты мемлекеттік орган жауапкершілік арқалайды. Сонымен қатар есептердің барлық түрін бір ақпараттық жүйеге біріктіру жоспарланған. Ендігі уақытта мемлекеттік органдарға қажетті мәліметтерді әртүрлі дереккөздерінен іздеудің қажеті жоқ. Олардың барлығы бір жүйеге шоғырландырылады», - деді Айгүл Шайымова.