18 қаз, 2019 сағат 10:41

Меморгандар мен қоғам арасындағы байланысты нығайту керек - Ерлан Әбіл

Бұл туралы елордада өткен «Отбасы институтын дамыту: Қоғам, бизнес, мемлекет» тақырыбындағы коуч-сессияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жерде мемлекеттік орган қызметкерлері, академияның (ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі) магистрлері мен доктаранттары отыр. Шақыртуымызды қабыл алғандарыңыз үшін рақмет. Осы жерде суицидті, зорлық-зомбылық сияқты фактілерді азайту үшін қандай шаралар қолдануға болатыны туралы шешім қабылданады», - деді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Ол бұл шарадан қандай нәтиже күтетінін айтты.

«Халқымызда «Ел боламын десең - бесігіңді түзе» деген сөз бар. Бесікті түземей, жарқын болашаққа барамыз деп айта алмаймыз. Бұл шарада жақсы пікірталас болып, оның нәтижесі мемлекеттік органдар мен бизнес, қоғам арасындағы байланысты нығайтады деп ойлаймын», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған коуч-сессияда еліміз отбасылық құндылықтарды дамытатын институттарға мұқтаж екені айтылғанын жазған болатынбыз.