17 нау, 2021 сағат 12:21

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде қандай өзгерістер болады?

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов мемлекеттік жоспарлау жүйесінде қандай өзгерістер болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта қарау бойынша тапсырма берген еді. Мұндағы басқарудың негізгі қағидасы – адамға бағытталу ұстанымы болмақ. Мемлекеттік жоспарлау, бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік қызмет, көрсетілетін қызметтер, цифрландыру сияқты мемлекеттік басқарудың негізгі түпкі жүйелерін қарастырып, ең алдымен мемлекеттік органдарды жауапкершіліктерін арттыратын, тапсырмаларды іске асырудың тиімділігіне ықпал ететін тәсілдерді ұсынуға бағдарладық. Яғни мемлекеттік басқарудың түпкі жүйелерін трансформациялау керек және оны жүйелі жүргізу керек деген қорытындыға келдік. Осыған байланысты өзгерістер қабылданды», - деді Қайрат Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Спикердің айтуынша, жаңа формадағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі белгілі бір бағыттарды ұсынады және мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіннің өз ерекшеліктері бар. 

«Ең алдымен, институционалдық реформаларды жүргізуге қажетті жағдайлар жасалуда. Жалпыұлттық басымдықтар еліміздің негізгі бағыттарын, даму көріністерін бекітеді, бұл – біздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді айқын көрсететін 10 басымдық. Басымдықтарға сәйкес, бюджет қаражатын бөлу де құрылатын болады. Сондықтан бюджеттік лимиттер мемлекеттік органдардың басым міндеттері аясында бөлінеді. Біздің қандай бағдарламаларды қаржыландыратынымыз, қай бағдарламаға басымдық беріледі және қай бағдарлама кейіннен қаржыланатыны анық көрінеді», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов.

Қ. Келімбетов жалпыұлттық басымдықтарды Мемлекет басшысының өзі бекітетінін айтты. 

«Ұлттық жобалардың тізімін жақын арада Мемлекет басшысы бекітеді. Ұлттық жобалар портфелін іске асыру жобалық басқару қағидаттарына негізделеді», - дейді Қайрат Келімбетов.