28 қар, 2017 сағат 06:10

«Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты форум өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Глубокое ауданының орталығында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты 7-ші облыстық форум өтті. Жастар форумына мемлекеттік тілді жетік меңгерген 200-ден астам өзге ұлт өкілдері қатысты.

Глубокое кентіндегі Балалар шығармашылығы үйінің кең залы бұл күні әсем безендіріліпті. Сахна алдындағы қызылды-жасылды гүлдер, түрлі-түсті шарлар ерекше әдемі. Аймақтың әр өңірінен жиналған жастардың да көңіл күйлері көтеріңкі. Олардың барлығы түрлі ұлттың өкілдері болса да мемлекеттік тілде тіл табысып, сөйлесуде. Иә, бүгін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық форум 7-ші мәрте өткелі отыр. Осы орайда осынау үлкен шараның Глубокое ауданының орталығында өтуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені бұл өңірде облыстың басқа аудандарына қарағанда өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. 

Міне, сахнаға жүргізушілер де көтерілді. Алғашқы сөзді Глубокое ауданының әкімі Қ.Байғонысов алып, форумға қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді:

- «Мемлекеттік тіл - менің тілім» деген ұранды әр ұлт өкілі қолдайды деген сенімдемін, деп түйіндеді аудан әкімі құттықтау сөзін. 

Бұдан соң сөз кезегін форум делегаттары алған. 

«Атым - орыс, затым - қазақ» 

Мемлекеттік тілді өз тіліндей құрметтейді

Ильсия Бугуева, Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің 1-курс студенті:

Менің есімім Ильсия. Атым орыс болғанмен, затым - қазақ, жаным - қазақ. Неге олай дейсіздер ғой? Мен Семей қаласында қазақи ортада, қазақ балаларымен қатар өскендіктен, тілді еркін меңгердім. Бір қызығы, алты жасқа келгенше, өзімнің ұлтым кім екенін білмеппін.

Ең алғаш маған қазақ тілін балабақшадағы тәрбиеші ұстаздарым үйреткен. Мектеп кабырғасында жүрген кезде де тіл үйренуге деген бейімім барын байқаған қазақ тілі мұғалімі маған тілді үйретумен қатар, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін бойыма сіңірді десем болады. 

Екінші, мені тілге жақын еткен қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан құрбым. Бір сыныпта, бір партада отырған құрбым мектепті бітірген соң Алматы қаласына кетіп, сол жақта қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Сол құрбым: «Жетім қыз едім, қазақ жігітіне тұрмысқа шығып едім, қазір Алматының тең жартысы менің туысым болды. Қазаққа тұрмысқа шықсаң, жаман болмайсың, өте бауырмал халық», - деп айтатын. 

Мен қазір Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің 1-курс студентімін. Біздің колледжде де қазақ тіліне байланысты көп шаралар өткізіледі. Сол шараның барлығына қатысамын. Республикалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрмін. Колледжде мені мақтан тұтады. 

Болашақта оқу бітірген соң үлкен сән үйін ашуды армандаймын. Сән салонына жұмысқа қазақ тілін жетік білетін мамандарды алуды ойлап жүрмін.

Тіл үйрену үшін адамда қызығушылық болса жеткілікті деп санаймын. Елбасымыздың қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы айтып жатқан ойларын толық қолдаймын. Ол біз және біздің болашағымыз үшін керек. Сол себепті де болашағымыз тек қазақ тілінде екенін дұрыс ұғынайық.

Жаңа әліпби жаңа белеске бастайды

Мемлекеттік тілді өз тіліндей құрметтейді

Иван Архипов, Өскемен политехникалық колледжінің студенті: 

- Бүгінгі күні еліміздегі ең өзекті болып отырған мәселелердің бірі – қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру. Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтып, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет.

Қазіргі уақытта тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы - бүгінде жастарымыз ағылшынша жаппай үйреніп, оны жақсы меңгеріп жатыр. Латын әліпбиі көп кешікпей жастар арасында тұрақты қолданысқа айналады деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Латын әліпбиіне көшу – ол біз үшін, әсіресе жастар үшін, еліміздің болашағы үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымыздың, алға жылжуымыздың дәлелі.

Әлемде ақпараттың негізгі бөлігі ағылшын тілінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп болары сөзсіз. Дүниежүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшу – озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындаудың белгісі. Ал біз, жастар, аталған инновацияларды меңгеріп, игеріп, халқымыздың игілігі мен дамуына үлес қосар негізгі қозғаушы күш болып табыламыз. Елбасының берген бағдарын, белгілеген басымдықтарын іс жүзінде орындайтын кез келді деп білемін.

Үш тілді білу – заман талабы

Мемлекеттік тілді өз тіліндей құрметтейді

Анна Кузнецова, Глубокое ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және заң жұмыстары бөлімінің басшысы:

- Мен, үш тілді меңгерген мемлекеттік қызметтегі маманмын. «Үш тұғырлы тіл» саясаты - елдігіміз бен бірлігіміздің тірегі. Мен өз ана тілім орыс тілімен қатар, мемлекеттік тіл - қазақ тілінде және ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Менің қазақ тілін үйренуіме орта әсер етсе, ағылшын тілін білу мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімдегі арманым болды, сол себепті мектепті бітіргеннен кейін ағылшын, неміс тілдерінің факультетіне оқуға түсіп, шет тілдерін меңгердім. Үш тілді білгендігім өзімнің кәсіби шеберлігімді арттыруға, жұмысымның нәтижелі болуына да оң әсерін тигізуде және де кез келген ортада өзімді еркін сезінемін. Мысалы, менің жұмысым екі тілде жүреді десе де болады. Мен, Глубокое ауданы әкімі аппараты, құқық бөлімінің басшысымын. Қазақ тілінде келген хаттар мен құжаттарды, өтініштерді түсініп оқып, жауап бере аламын. Мамандығым заңгер болғандықтан, жұмыс бабымен сот отырыстарына қатысамын, онда орыс тілін білмейтін азаматтарға қағаздарды толтыруға, сөздерді аударуға көмектесемін. 

Үштілділік біздің балаларымызға қажет. Балама қазақ тілі және ағылшын тілінен үйге берілген тапсырмаларды орындауға өзім көмектесемін. Жолдасыма да қазақ тілін үйретіп жүрмін. Меніңше, тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдасы көп деп ойлаймын. Менің жастарға айтарым: шет тілін білу - сән емес, заман талабы. Туған тіліңді жетік меңгер, қастерлей біл. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты болыңдар, тіл үйреніңдер. Бұл сендердің болашақтарың ғана емес, тұтастай ұлт болашағының жарқын болуының кепілі.

Әскерилердің ынтасы зор

Мемлекеттік тілді өз тіліндей құрметтейді

Александр Чернов, 3477 әскери бөлімінің кіші сержанты:

- Мен өзім әскери салада жұмыс істеймін. Қазақ тілін еркін меңгергенмін. Қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 3477 әскери бөлімінде кіші сержант қызметіндемін.

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдай уақыт болса да, мемлекеттік тілді дамытудағы күрделі үдеріс әлі жалғасып келеді. Әскери қазақ тілін бір жүйеге келтіру үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде бірталай іс-шаралар ұйымдастырылды: командалық басшылық тарапынан тілдің мәртебесін көтеретін бұйрықтар жарық көріп, барлық әскери қызметшілердің міндетті түрде лауазымдық міндеттерін атқаруда қазақ тілін жетік білуіне қатаң талаптар қойылды; әскери терминдер аударылып, соның негізінде іс-құжаттарды, әскери-ғылыми әдебиеттерді аудару жұмысы басталды; әскери оқу орындарында болашақ түлектердің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері жасалып, болашақ әскери қызметшілерге тіл тұрғысынан жоғары талаптар қойылды. Осындай шаралардың арқасында әскери салада мемлекеттік тілдің мәртебесі біршама көтерілді. Өз басым қазақ тілін қазақ достарыммен бірге жүріп үйрендім. Менің ұстанымым – қазақ жерінде туып, өскен соң, өзге ұлт өкілі болсам да, өз елімнің мемлекеттік тілін «5-ке» білу. Егер әрбір Қазақстан азаматының көкейінде «мен - бұл елдің азаматымын, сондықтан еліме қандай үлес қоса аламын?» деген ой болса, Қазақстанның елдігінің де, тілінің де абыройы арта түсетіні анық.

Үштұғырлы тіл ұшпаққа шығарады

Мемлекеттік тілді өз тіліндей құрметтейді

Алексей Овчаров, Глубокое ауданы Белоусовка ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Мен Белоусовка кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарамын. Белоусовка кент әкімдігі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және одан әрі дамыту үшін өз үлесін қосып жатыр. Барлық мекемелермен, ұйымдармен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Қазақ тілін жетік білгенімнің арқасында мемлекеттік тілде келген хаттарды оқып, қазақша жауап беруге еш қиналмаймын. Шетелден келген отандастарымыздың сұрақтарына да еркін жауап беремін. 

Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім және осы үйренгендерім бүгінде өз қажетіме жарауда. Қазақ тілін жақсы білгендігім – қызмет сатысымен жоғарылауыма себеп болды. Сонымен бірге, биыл тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша алынған «Қазтест» сынағында А2 деңгейінің мемлекеттік үлгідегі сертификатына қол жеткіздім. Бұл да менің мемлекеттік қызметтегі жетістіктерімнің бірі деп ойлаймын. 

Тілді үйренуімнің бірден-бір себебі - анамның: «Қазақша үйрен. Сен осы мемлекеттің азаматысың», - деген ақыл-кеңесі. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. 

Мен болашағымды тек Қазақстанмен ғана байланыстырамын және қазақ елінің азаматы екенімді мақтан тұтамын. 

Мемлекеттік тілді өз тіліндей құрметтейді

Форум соңында шараға қатысушылар облыс жастарына арнап үндеу жариялады. Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдын Шаймарданов мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге атсалысып жүрген жастарды марапаттап, грамоталар тапсырды.


Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты VII облыстық форумына қатысушылардың өңір жастарына

ҮНДЕУІ

Біз, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты жастар форумына қатысушылар, тәуелсіз еліміздің патриоттары ретінде ұлт бірлігін нығайтудың басты факторы - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалыса отырып, бүкіл облыс жастарына үндеу жариялаймыз. 

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінін нұрландырып, ертеңін гүлдендіретін негізгі күш – ұлағатты ұрпақ, яғни мына БІЗ, жастар.

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдағы бар болашақты жастармен байланыстырып, бізге үлкен үміт артып отыр. 

Жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, үшінші жаңғыруды бастаған елімізде жастардың рухани дүниетанымын байытып, мемлекетшіл, толерантты ұрпақ сабақтастығын қалыптастыруға басымдық берілді.

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты - ұлттық кодты сақтай білу» деген болатын. Біздің ойымызша, «ұлттық код» ұлттық тілмен етене байланысты. 

Біз, жастар, өз бойымыздағы патриоттық рухты туған жеріміздің топырағына сіңген ұлттық тіл - қазақ тіліне деген құрмет арқылы көрсете аламыз. 

Біз, Елбасының қазақ тілі ғана емес, қазақ қоғамын жаңғырту бағытындағы маңызды бетбұрыс - қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешімін жүзеге асыруға атсалысамыз. Жаңа әліпби мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттырып, оны меңгеруге жаңа серпін берері сөзсіз. 

Біз, Елбасының үш тілде білім беруді ілгерілету идеясын қолдаймыз. Мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз.

Құрметті жастар, тілдің үштұғырлығы негізінде басым мәртебе ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ берілетінін үнемі есте ұстайық! 

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді» деген болатын. Олай болса, біз, Мәңгілік елдің ұрпақтарымыз! 

Біздің Отанымыз - ортақ, тілегіміз – бір.

Мақсатымыз – Ұлы даланың Ұлы тілі – мемлекеттік тілді дамыту! 

Құрметті жастар! Біз сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірлік жолынан үлгі алып, әр істі жауапкершілікпен адал атқаруға, ел мүддесі мен игілігі үшін қызмет етуге шақырамыз! 

Глубокое ауданы 2017 жылғы 24 қараша


Берік Алпысбай