30 шіл, 2017 сағат 13:46

«Мемлекеттік тіл – менің тілім»

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында және Алматы қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік қызметші күнін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес мемлекеттік басқару органдары мен мекемелерінде жұмыс істейтін мамандар арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық байқауын өткізді.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, қазақ тілінің қолданылуын дамыту мақсатында өткен байқауға Алматы қаласындағы мемлекеттік басқару органдары мен мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Олар өздерінің тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын, жан-жақты дамығандығын, бәсекеге қабілетті тұлға екендіктерін, тіл мәдениетін толық меңгере алғандықтарын көрсетті. Байқауға қатысуға тілек білдіріп, тиісті аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өтініш берген сайыскерлер аудандарының намысын қорғады.

Байқаудың қазылар алқасы құрамына белгілі тілшілер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аударма ісінің кәсіби білікті оқытушылары енді. Әділқазылар алқасының құрамында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкері Оспанова Ақтоты Құдайбергенқызы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ф.ғ.к., доцент, «Senim Group Consulting» ЖШС, Алматы қаласындағы мемлекеттік басқару органдарында қазақ тілінің оқытушысы Шаһарман Гүлжиян Пішенбайқызы,  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, «Тұлға психологиясы» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Исабекова Төлеш Шакетайқызы болды.

Қазылар алқасы қатысушыларға берілетін тапсырмаларды әзірлеп, бағалау парақтарының үлгісін белгіледі. Бұдан өзге қатысушылардың өнерлері мен жауаптарын тыңдап, бағалау парақтарын толтырды. Тапсырмаларды орындау деңгейін бағалады. Сайыс соңында ашық дауыс беру арқылы байқаудың жеңімпаз топтарын анықтады. Қалалық байқауда І орынды Бостандық ауданы әкімдігі иеленіп жеңімпаз атанды. IІ орынды  Алатау ауданы әкімдігі иеленсе,  ІІІ орынға Наурызбай ауданы әкімдігі ие болды.

Елі мен жерін сүйген азаматтарды өз тілін құрметтеп, бағалай білуге жетелейтін сайыс қатысушылардың көңілінен шықты.