ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік сатып алу саласында бір көзден сатып алу көлемі 50% қысқаратынын мәлім етті, деп хабарлады "ҚазАқпарат" ХАА.
«Жақында мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық түзетулер күшіне енді. Олар бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың 6 негіздемесін алып тастады.
Бұл бір көзден сатып алудың барлық көлемінің шамамен 50%-ін құрайды.
Бұдан басқа, тапсырыс берушінің сатып алудың бәсекелестік тәсілдерін басым жүзеге асыруы және бір көзден сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшысының дербес жауапкершілігі туралы норма көзделген», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ашықтықты қамтамасыз етудің нәтижесінде тікелей шарттар жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесі 2015 жылғы 92%-тен 2021 жылы 45%-ке дейін төмендеген.
«Өз кезегінде, Қаржы министрлігі бір көзден сатып алуды қолданудың негізділігіне бақылауды қамтамасыз етеді», - деген ведомство басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жұмысына да осы тұрғыда өзгерістер енітінін айтты.
«Осы жылдан бастап Қордың және барлық ұлттық компаниялардың сатып алулары «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» Заңмен реттеледі.
Бүгінгі таңда Қордың директорлар кеңесі сатып алу шарттаын бекіту үшін Қаржы министрлігінің келісімін алу керек.
Қордың және оның еншілес компанияларының сатып алуын жүзеге асырудың бүкіл процесін өзге ішкі құжаттарға сілтеме жасамай, бір құжат деңгейінде қаралатын болады», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында квазимемлекеттік сектордың сатып алуы саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кеткенін ескертті.