Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік наградалармен марапаттау жөніндегі ұсыныстары қаралды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын комиссия Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын белгілеу және жою, награда мәселелері жөніндегі заңдардың жобаларын және басқа да нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы ұсыныстарды қарастырады.
Комиссия мүшелері отырыс қорытындысы бойынша марапаттау үшін Мемлекет басшысына ұсынылатын кандидаттарды анықтады.
Мемлекеттік наградалар дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырылады.