10 қар, 2023 сағат 14:31

Мемлекеттік мектептерде шетелдіктердің сабақ беруі заңды ма - депутат жауабы

видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ашылуы мүмкін орыс мектептеріне ресейлік педагогтерді тарту туралы» ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform

Әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың елдің оңтүстігінде ашылуы мүмкін мектептерге ресейлік педагогтерді шақыру туралы айтқан сөзі тарап жүр. Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін журналистер Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовке осы мәселе туралы сұрақ қойды.

«Қазақстанның мемлекеттік мектептерінде шетелдік азаматтардың сабақ беруі заңды ма?» — деп сұрады БАҚ өкілі.

«Бұл мәселені басқаша қою керек. Жалпы Қазақстанда басқа мемлекеттердің азаматтары жұмыс істей ала ма? Бұл Еңбек кодексінің шеңберінде бар. Өздеріңіз көріп жүрсіздер. Қазақстанда басқа мемлекеттердің азаматтары түрлі салаларда жұмыс істеп жатыр. Егер шетелдіктер біздің заңнамаға сәйкес келсе, тиісті талаптары бар, сол талаптарға сәйкес болса, онда министрлік өзінің заңнамалық-құқықтық актілерінде қарастыру керек», — деді ол.

Депутат жекеменшік мектептерде шетелдік азаматтардың білім беруі заңды екенін атап өтті.

«Мысалы, Назарбаев мектептерінде Құрама Штаттардың, Францияның қызметкерлері болды, қазір де бар. Басқа да жекеменшік мектептерде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл министрлік туралы жауап берсем, кезінде өзім басшылық жасаған сұрақтарға қыстырылғандай боламын. Министрліктің өзіне жүгінгеніңіз дұрыс», — деді Асхат Аймағамбетов.