31 қаз, 2019 сағат 09:50

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы екі есе өсуі мүмкін

Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кем дегенде нақты 2 есеге арттыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Алик Шпекбаев айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтардың өмір сапасы мен кірісін арттырудың маңызды факторларының бірі жемқорлықтан азат кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру болып саналады. Дегенмен, мемлекеттік органдағы жұмыс өтілі 20 жылдан асатын, жалақы төлеудің жаңа жүйесіне өтпеген атқарушы лауазымындағы мемлекеттік қызметшінің қазіргі жалақысы елдегі орташа көрсеткіштен төмен. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын арттыру, кешенді превентивті жазалау шаралары бойынша ауқымды жұмыстарға қарамастан мемлекеттік қызметшілер жалақысының қазіргі деңгейі жемқорлыққа қарсы і-қимыл процесін айтарлықтай тежеп отыр» деді агенттік басшысы.

Ол Сингапур, Гонконг, Еуропа сияқты сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдерде жалақы көлемін түбегейлі арттыру сыбайлас жемқорлықты жоюдың негізгі шарты болғанын, мемлекеттік аппаратқа жоғары білікті кадрлардың келуін қамтамасыз еткенін мысалға келтірді.

«Қазақстанның қазіргі шынайы өміріне оралсам, соңғы 5 жылда сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 75 пайызы – бұлар жалақысы төменнен орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметкерлер. Осы орайда басшылар параны ашкөздіктен, ал қарапайым маман қажеттіліктен және тығырыққа тірелгендіктен алатындығы туралы қоғамдық пікір барынша әділ болып көрінеді» деді А.Шпекбаев.

Осы орайда агенттік басшысы жалақыны арттыру бюджетке қосымша ауыртпалық түсірмеуі тиістігіне баса назар аударды.

«Мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын кешенді оңтайландыру қажет. Ол үшін құқықтық негіз қалыптасқан. Бірінші басшылар мемлекеттік органның штаттық саны мен ұйымдық құрылымын дербес анықтай алады. Ал үнемделген қаражат жалақыны арттыру үшін олардың иелігінде қалады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кем дегенде нақты 2 есеге арттыруға мүмкіндік бар» деді ол.