#
#
Сейсенбі 24/11/2020

Мемлекеттік қызметке орналасу үшін қазақ тілін үйрендім – Армен Оганесян

  • 22.10.2020
  • 0
  • 316

Мен мемлекеттік қызметте жұмысқа кіремін деп шештім. Ал мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білмеген ұят екенін жақсы түсінетінмін. Сол себепті оқуымды қазақ тілінде жалғастырдым. Бұл туралы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында Нұр-Сұлтан қаласы, Мамандандырылған күзет қызметі Басқармасының полицейі Армен Оганесян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен 1993 жылы 6 шілде Өзбекстан Республикасы Жизақ облысында дүниеге келдім. Ұлтым – армян. Өзбек достарыммен араласып, өзбек тілін толық меңгердім. Өз ана тілімде де жақсы сөйлеймін. 14 жасқа толғанда, яғни 2007 жылы отбасымызбен Қызылорда қаласына көшіп келдік. Орыс мектебіне қабылдандым. Сыныптастарымның барлығы түрлі ұлт өкілдері болғанмен, барлығы қазақша сөйлейтін. Соларға қарап қатты қызығатынмын. Қазақстанда өспегендіктен, мемлекеттік тілде мен ғана сөйлемейтін едім. Содан қатты намыстанып, қайтсем де қазақ тілін үйренемін деп шештім», - дейді Армен Оганесян. 

Ол достары мен көршілерінің арқасында қазақ тілін жетік меңгерген. Мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы заң колледжіне оқуға түсіп, оқуын қазақ тілінде жалғастырған.

«Мен мемлекеттік қызметте жұмысқа кіремін деп шештім. Ал мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білмеген ұят екенін жақсы түсінетінмін. Сол себепті оқуымды қазақ тілінде жалғастырдым. 2014 жылы Ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келдім. 2015 жылдан мамандандырылған күзет қызметі басқармасында жұмыс атқарып келемін. 2016 жылы жұбайым Дианамен таныстым, екеуміз бір салада қызмет атқарамыз. 2018 жылы екеуміз отбасын құрдық. Мен де қалың қазақтың күйеу баласымын. Медина есімді қызымыз бар. Әке-шешеммен бірге тұрамыз, екеуі де зейнеткер. Руслан, Артур есімді екі ағам бар. Екеуіде қазақ қыздарына үйленген. Қазақстанға көшіп келгенімізге еш өкінбеймін. Қазақ халқына бізді құшақ жайып қарсы алғаны үшін алғысым шексіз», - дейді ол.

Ол Мемлекет басшысының қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау туралы тапсырмасы жақсы жүзеге асып жатқанын айтты.

«Қазақстан Президентінің «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қатынас дәрежесіне көтеруге көмектеседі» деген тапсырмасы өз дәрежесінде орындалып жатқанын жеткізгім келеді. Мемлекеттік тілді білудің арқасында жұмыста жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келемін. Сондай-ақ қазақ тілін еркін меңгерген жастардың тізімін жасап, оларды мемлекеттік қызметтің кадр резервіне алу қажет деп ойлаймын. Өйткені тілді құрметтеу – сол елді құрметтеу, мемлекетті құрметтеу», - дейді Армен Оганесян.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР