Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда күн тәртібіне сәйкес үш мәселе қаралды.
Солардың ішінде кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы көбірек талқыланып, баяндама жасаған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа депутаттар бірнеше сұрақ қойды.
Заң жобасының өзі Елбасының үстіміздегі жылғы 14 маусымда және Ұлттық комиссияның 15 сәуірде берген тапсырмаларының негізінде дайындалған. Ол азаматтардың мемлекеттік қызметке түсу тәртібін жетілдіріп, құқық қорғау және мемлекеттік қызмет стандарттарын жақындатады. Қ.Қожамжаровтың айтуына қарағанда, заң жобасы қоғамда кеңінен талқыланған.
Сонымен түзетулер қандай деген сұраққа жауап беретін болсақ, онда біріншіден, мемлекеттік қызметтің бос орындарын толықтыру қайта қаралады. Қазіргі кезде ол үш кезеңнен тұратын конкурс арқылы жүзеге асырылады. Оған 16-дан 52 күнге дейін уақыт кетіп, мемлекеттік қызмет орны көп мерзімге бос тұрады. Осының өзі кадр тапшылығына әкелуде, деді шешен. Әсіресе, ауылдық және аудандық деңгейлерде кадр жетіспеушілігі айқын байқалуда екен. Заң жобасы осындай олқылықтарды болдырмас үшін ішкі және жалпы конкурстарды біріктіруді көздеп отыр. Сөйтіп, бос орындарды тезірек толықтыруға қол жеткізіледі, сонымен қатар меритократия қағидаттары сақталатын болады, деді Қ.Қожамжаров.
Сондай-ақ, «А» корпусы қызметкерлерін «В» корпусы лауазымдарына тағайындау тәртібі жеңілдетіледі. Қазір «А» корпусының қызметкерлерін төменгі орындарға тағайындау тек кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен ғана жүзеге асырылса, енді заң жобасы осы құқықты агенттікке беруді ұсынған.
Үшінші басты өзгеріс құқық қорғау қызметіне үміткер тұлғаларға арналыпты. Заң жобасы олардың заңдарды білу және жеке басының қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өту мерзімін ауыстыруды көздеген. Қолданыстағы заңға сәйкес мұндай талап келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілетіндігі белгіленген. Алайда, Мемлекет басшысы бұл жүйені биылдан бастап енгізу жөнінде тапсырма беріпті. Міне, осы және басқа да өзгерістер туралы баяндаған Қ.Қожамжаровқа бірінші сұрақты депутат Амангелді Дәуренбаев қойды. Ол құқық қорғау органдарының бос лауазымдарына үміткер болатын тұлғаларды тестілеу үшін агенттікте тиісті база бар ма және бұл іс бюджеттен қосымша қаражат талап етпей ме деп сұрады. Оның сұрағына жауап бере келіп Қ.Қожамжаров құқық қорғау органдарындағы бос орындарға жылына 37 мыңдай үміткер келіп, тестілеуден өтетінін және агенттіктің базасы осы істі атқаруға жеткілікті екенін жеткізді.
Депутат Павел Казанцев меритократия қағидатының сақталуына енгізілетін өзгерістер кедергі келтірмей ме деп сұрады. Оған Қ.Қожамжаров конкурстық процедураларды оңтайландыру меритократия қағидаттарының сақталуына кедергі келтірмейтіндігін көлденең тартты.
Депутат Серік Сейдуманов басшылық лауазымдарға тағайындалған тұлғалардың командасымен келу мәселесі халық арасында наразылық тудыратынын еске сала келіп, карьералық модельге ауысқаннан бері мемлекеттік басшы қызметкерлердің командасымен орын ауыстыруы азайды ма деп сұрады. Оған Қ.Қожамжаров конкурссыз тағайындаулардың 25 есе азайғанын айта келіп, осының арқасында бірінші басшылар арасында командасымен ауысып жүру ісі азайып келе жатқаны байқалатынын жеткізді.
Заң жобасы жөнінде қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов жасады. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы толықтай мақұлданды.
Осы күні ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің төтенше оқиғалардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасы да мақұлданды. Заң жобасы туралы баяндаманы Ішкі істер министрі Қ.Қасымов жасады.
Ал кейбір заңнамалық актілерге экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге уақыт белгіленді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»