25 шіл, 2023 сағат 16:23

Тоқаев мемлекеттік күзет қызметі туралы жарлыққа қол қойды

Фото: © Sputnik / Алексей Никольский

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі туралы жарлыққа енгізілген түзетулерге қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Құжаттың жаңа редакциясына сәйкес, Мемлекеттік күзет қызметі бұдан былай еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қорғауды қамтамасыз етпейді.

Түзетулер "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күші жойылуына байланысты енгізілді.

Құжаттың жаңартылған нұсқасында күзет міндеттерінің ішінен "Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ұйымдастыру және үйлестіру" тармағы алынып тасталды.

Түзетулерге сәйкес, мемлекеттік күзеттің міндеттеріне мыналар кіреді:

• Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың (яғни, қазіргі күнгі - Sputnik) қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

• ҚР Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтарына, бостандықтарына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;

• күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа жерлерде меншікті қорғау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

• өз өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;

• күзетілетін адамдар мен объектілерге төнетін қатерлерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;

• ҚР Мемлекеттік Туы мен ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын қорғау, салтанатты және хаттамалық іс шараларды орындауға қатысу;

• президенттік байланыспен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

• Қазақстан Президентінің заңдарымен және актілерімен айқындалатын өзге де міндеттер.

Жарлық 2023 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Республикасы Президентінің басқа күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүзеге асыратын президентке тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган.