09 мау, 2019 сағат 10:26

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин дауыс берді

ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік хатшы жұбайымен бірге ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №111 сайлау учаскесіне келді.


Айта кетейік, №111 сайлау учаскесінде 4 661 тұрғын тіркелген. Олардың 2 мыңға жуығы алғашқы бес сағатта (сағат 12.00-ге дейін) дауыс беріп үлгерді.  

Одан бөлек, учаскеде партиядан - 2 байқаушы, қоғамдық ұйымдардан - 5 байқаушы, сенімді өкілдер - 3, БАҚ - 13 журналист бар. Халықаралық байқаушылар ретінде БҰҰ (3) және ЕҚЫҰ (5) өкілдері келді.

Аталған учаскеде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспихов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин дауыс берді.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылды.