Халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау - жастарға патриоттық және рухани, адамгершілік тәрбие берудің маңызды бөлігі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмысты күшейту үшін Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери музейі құрылған болатын. Аталған мұражайдың ғылыми қызметкері Әбубәкір Смаилов музейдің қызметі және аса құнды жәдігерлер жайлы айтып береді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Оның айтуынша, әскери-тарихи музей 2015 жылдың 1 желтоқсанында Қорғаныс министрлігінің бастамасымен құрылған. Музей құрылмас бұрын ең әуелі тарихшы ғалымдардан, есімі белгілі музей саласының мамандарынан тұратын жұмыс тобымен үлкен шаруалар атқарылған.
«Сол жылы салтанатты жағдайда ашылды. Оған еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді және сол жылы музей қызметкерлерінің алдына үлкен руханият ошағына айналдыру туралы міндеттер қойылды. Қазіргі таңда біздің ұжым сол міндеттерді жүзеге асыруда жұмыс істеп жатыр. Біздің музей есігін ашқалы бері 200 мыңнан астам адам келген. Мұнда біздің қазақ елінің тарихы мен әскери мұрасымен танысты. Олардың ішінде Астана тұрғындары мен қонақтары, және шетелден келген делегациялар да бар. Экскурсовод мамандар үш тілде қызмет көрсетеді: мемлекеттік тілде, орыс тілде және ағылшын тілінде. Бізге келушілердің дені қазір мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері және әскери қызметшілер, және солардың отбасы мүшелері. Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың бір сөзі бар ғой «спорт деген бір сиқыр» деген, сол секілді музей деген де бір сиқыр. Мың рет айтқаннан гөрі бір рет көрген артық. Мектеп оқушылары осында келеді, қару жарақтарды, көне жәдігерлерді көрген кезде олардың көздері жайнап кетеді», – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Әбубәкір Смаилов.
Расында бүгінгі өскелең ұрпаққа "сен сарбаз бол, сен Отан қорға" деп мың рет айтқаннан гөрі, осында әкеліп экскурсия өткізсе, олардың дүниетанымы да, көкжиегі де кеңейе түседі. Аталған мұражайда тоғыз көрме жұмыс істейді: көне заманнан бастап қазіргі заманға дейінгі әскери тарихтан сыр шертеді. Ол - көне заман дәуірі, ХХ ғасыр, мәңгілік атриумы, Қарулы күштердің залы және соңғы уақытта ашылған интернационалист жауынгерлер және бітімгерлер залы.
«Бұл да - біздің жаңа тарихымыз. Өйткені Ауғанстандағы соғысқа қатысқан ардагерлеріміз бар, кешегі тәжік-ауған шекарасында барып өз борыштарын атқарып қайтты. Бертінде Иракқа барып бітімгершілік миссиясын атқарды. Осылардың бәрі - жаңа тарих, жаңа заман тарихы. Сондықтан мұны да біз өскелең ұрпаққа көрсетіп, айтып, насихаттауымыз керек. Баяғыда біздің әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз эпостық батырлар жырының рухында тәрбиеленді. Ал қазір жаңа заман, жаңа ұрпақ. Сондықтан оларға жаңа инновациялық, мультимедиялық және басқа да тәсілдер арқылы өткен тарихты көрсетіп, көзбен көргендей, қолмен ұстағандай қылып насихаттауымыз керек. Біздің музейге келушілердің қызығушылықтары өте зор. Және алдағы уақытта әр нәрсе бір орында тұрып қалмайды, біздің де музейдің болашаққа деген жоспарлары көп. Әлемнің жетекші музейлерімен бірге өзара тәжірибе алмасу жоспарымызда бар. Одан бөлек ТМД елдерінің музейлерімен, Жоғары әскери оқу орындары, жоғары оқу орындарымен бірлесіп конференциялар, ғылыми зерттеулер өткізу ойымызда бар», – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Әбубәкір Смаилов.
Мұражайдың тоғыз залының әрқайсысында өзіне тән ерекше жәдігерлері бар. Ерекше экспонаттар бар. Оның ішінде Швеция армия музейінен алынған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты дүниелер бар. Көне дәуір ХХ ғасыр залында Қанжығалы Бөгенбай батырдың өзі киген дулығасы бар, оны жақында ғана батырдың ұрпақтары әкеліп табыс етіпті.
«Сонымен қатар, Рейхстагқа өз қолымен ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың жеңіс туының көшірмесі бізде тұр. Оны Ресей Қорғаныс министрлігі әкеліп табыс етті. Және ол да сол залға ерекше мән беріп тұр. Одан бөлек, 316 атқыштар дивизиясының командирі Иван Панфиловтың жеке заттары және осы дивизияның екі жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы құжаттың түпнұсқасы біздің қолымызда. Бұл заттарды батырдың немересі Алуа Байқадамова алып келіп тапсырды бізге. Одан бөлек, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке заттары бар. Киген киімдерінен бастап, тұтынған дүниелерінің барлығы келген адамдарға зор қызығушылық тудырады деп ойлаймын.
Жақында Ұлттық музеймен бірлесіп «Армия – Қуатты Қазақстан» атты көрме өткіздік. Сонда жаңа бір кітаптың тұсауы кесілді. Ол «Қарулы күштердің тарихы 1991-2001 жыл архив құжаттарының жинағы» деп аталады. Онда мемлекеттік құпия құжаттар бар, өзінің белгілі бір уақыты өткеннен кейін жария етуге рұқсат етіледі. Сонда рұқсат алынған құжаттарды біз жарияладық. Президент архивімен бірге. Оның ішінде тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өз қолымен жазған әскери анттың ең алғашқы нұсқасы бар. Борис Елсиннің 1995 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Президентінің атына жазған хаты бар. Онда тәжік-ауған шекарасындағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіреді. Ал осыны 11 күн бұрын ғана Қазбаттың бітімгершілік жауынгерлері Ресей сарбаздарымен бірге тосқауылға тап болып, біраз шығынға ұшыраған болатынбыз. Сол сияқты өте қызықты материалдар бар. Одан бөлек Хиуаз Доспанова, біздің даңқты ұшқыш қызымыз, халық қаһарманы, биыл туғанына 100 жыл толады. Осыған және Қарулы күштердің 30 жылдығына орай бізде көшпелі көрме өтіп жатыр. Оны Атырау облыстық музейі әкеліп орнатты. Ол 2 мамырға дейін бізде атриумда тұрады, келіп танысуға болады. Онда батыр қызымыздың жеке заттары мен басқа да дүниелер қойылған», – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Әбубәкір Смаилов.
Оның айтуынша, тағы бір үлкен шара – «Ерлікке жетелеген жол» деген көрме жаңа заман тарихынан, бұл тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік миссиясын атқарған Қазбатқа арналған көрме және осы аттас кітаптың тұсаукесері болды. Бұл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұған шетелден де қонақтар келді, оның ішінде Тәжікстаннан үлкен делегация келіп, өздерінің зор ризашылықтарын білдірді.
«Өйткені, қазақта мақал бар: «аштықта жеген құйған дәмі таңдайдан кетпейді» деген, қиын кезде көмек қолын созған қазақ халқына олардың ықыластары зор. Және сол тәжік-ауған шекарасында қайтыс болған Раджан Батырхановқа сол елдің ең жоғарғы марапаты табыс етілді. Елді мекен Қазбаттың есімін өздері берген сол ауылдың адамдары, бұл нені білдіреді, бұл қазақ жауынгерлеріне деген құрмет. Міне, осындай дүниелерді біз жұртқа насихаттап көрсеткіміз келеді. Осы қарулы күштердің 30 жылдығы қарсаңында, Жеңіс күні қарсаңында. Өйткені біздің аға-ұрпақтың жауынгерлік даңқты дәстүрі алға қарай жалғасып жатыр.
Әскери-тарихи музейі сейсенбі-жексенбі күндері аралығында сағат 10:00-17:00 аралығында жұмыс істейді. Келем деушілерге әрқашан есігіміз айқара ашық. Кіру тегін. Біздің қызметкерлеріміз жылы қарсы алады, әр залда бекітілген экскурсоводтарымыз бар, олар барлық сұрақтарға жауап береді. Естелік суретке де түсуге болады», – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Әбубәкір Смаилов.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери музейі құрылған болатын. Аталған әскери-тарихи музей 2015 жылдың 1 желтоқсанында Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ашылған. Музей құрылмас бұрын ең әуелі тарихшы ғалымдардан, есімі белгілі музей саласының мамандарынан тұратын жұмыс тобымен айтарлықтай шаруалар атқарылған. Аталған мұражайда тоғыз көрме жұмыс істейді: көне заманнан бастап қазіргі заманға дейінгі әскери тарихтан сыр шертеді. Ол - көне заман дәуірі, ХХ ғасыр, мәңгілік атриумы, Қарулы күштердің залы және соңғы уақытта ашылған интернационалист жауынгерлер және бітімгерлер залы.