25 нау, 2021 сағат 09:02

Мемлекет болашағы ауыл шаруашылығының дамуына байланысты - сенатор

Қазақстанның болашағы ауыл шаруашылығының дамуына байланысты болады. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның 1-отырысында Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жерасты пайдалы қазбалардың арқасында дамуда. Бірақ, олар бір кездері таусылатын, яғни жаңартылмайтын табиғи ресурстар. Сондықтан мемлекетіміздің болашағы ауыл шаруашылығының дамуына байланысты болады. Міне, сонда болашақ ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қолжетімді болуы керек. Яғни, өздерінің аграрлық бизнесін дамыту үшін жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет», - деді комиссияның бірінші отырысында сенатор. 

Оның атап өтуінше, бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші деген пікір бар. 

«Шынында да, агроөнеркәсіп кешенге инвестициялар тарту жағынан біз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен көп арта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Австралияда 1 гектар егістікке шаққанда 422 долларды, Канадада 80 долларды құрайды. Ал Қазақстанда 1 долларға да жетпейді. Яғни, 400 есе аз. Шетелден инвестиция тартудың басты шарты ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен жоғары рентабельділігі болып саналады. Бұл ең алдымен мемлекеттің тиімді аграрлық саясаты есебінен қалыптасады. Басқаша айтқанда, егер біздің шаруашылықтарымыз шетелдік фермерлер сияқты ұзақ және арзан кредиттермен, мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен, субсидиялармен, жеңілдетілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми-технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, біздің де аграрлық саламыз инвестициялық сұраныста болар еді», - деді Ақылбек Күрішбаев.