26 жел, 2023 сағат 17:27

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ақпараттық доктрина» ақпараттық егемендікті одан әрі нығайтуға бағытталған - Балаева

Фото: ОКҚ баспасөз қызметі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздің медиа инфрақұрылымын жетілдірудегі негізгі қадамдар туралы айтты.

«Осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Доктринадан туындайтын аса маңызды заң жобаларының бірі - «Масс-медиа туралы» заң жобасы. Бұл заң жобасын министрлік масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірледі», - деп атап өтті Аида Балаева.

Талқылау барысында Парламент Мәжілісінде 114 түзету енгізілді, оның 64-і қабылданды, ал 10-ы пысықталуда.

30 қарашада заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстарында талқылау жұмыстары жалғасуда.

Министр журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірін ескере отырып әзірленген баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралатынын атап өтті.

«Баспасөз картасының ұғымына, беру критерийлеріне, өтіліне, біліміне келетін болсақ, жалпы жұмыс топтарында талқылау қорытындысы бойынша олар қайта қаралып, алынып тасталатын болады. Енді аккредиттеуді оңайлату жөніндегі тәсіл қандай нысанда іске асырылатынын бекіту мерзімінен бұрын, ол жұмыс тобының отырысы барысында қалыптастырылатын болады. Бұл нормалар мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталады. Екінші тыңдауға дейін барлық түзетулер бойынша шешімдер қабылданады», - деп қорытындылады Аида Балаева.