27 шіл, 2020 сағат 15:54

Мемлекет басшысының сынынан кейін Үкіметтің жұмысы жанданды - Зарема Шәукенова

Мемлекет басшысының сынынан кейін Үкіметтің жұмысы жанданды. Бұл туралы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының Facebook парақшасынан мәлім болды.

10 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінің басшылығы, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық кампания басшыларының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Осы кездесуде Президент Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелік қателіктер жібергенін, әкімдердің тиісті деңгейде жұмыс істемеуін, Үкіметтің қажетті бақылауды жүргізбегенін айта отырып, мемлекеттік органдардың әрекеттерін сынға алды және Үкімет мүшелерінен жағдайды қысқа мерзім ішінде түзетуді талап етті. 

«Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-да коронавирустық инфекциямен күреске қатысты соңғы уақытта қабылданған шаралар талқыланды. ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова бүгінде жауапты құрылымдардың едәуір жандана түскенін, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан ашық ақпараттық саясат, уақтылы және жан-жақты әлеуметтік және медициналық қолдаумен қатар үлкен үміт тудырып, жағдайдың жақсаруына әкелетінін атап өтті», - делінген институттың Facebook парақшасында.

Талқылау барысында ҚСЗИ бөлімдерінің басшылары, саясаттанушы, әлеуметтанушы, экономист сарапшылар – Әсел Әбен, Алуа Жолдыбалина, Жанна Кәрімова, Әсел Назарбетова сөз сөйлеген.