Фото: Ақорда
Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады", - деді Президент.
Мемлекет басшысы жер жүзінде түрлі себептерге байланысты табиғи және техногендік апаттар көбейіп кеткеніне тоқталып, кәсіби тұрғыдан білікті, мықты мамандарды, яғни жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.
"Осы мақсатпен Көкшетау техникалық институты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы болып қайта құрылды. Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс. Мемлекеттік органдар құтқарушыларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін барынша шара қабылдауға міндетті", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкімет пен салалық министрлік төтенше жағдайларды уақтылы ескертудің және салдарын жоюдың тиімді жолдарын қарастыруға баса мән бергені жөн екенін айтты.
"Орталықтағы және жергілікті құтқару қызметтерінің іс-қимылы – біртұтас, нақты жүйеленген механизм. Басқару үдерісін автоматтандыруға, цифрландыруға, өзге де заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге күш салу маңызды. Сонымен бірге министрлік қазірдің өзінде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өнеркәсіп нысандарындағы қауіпсіздікті күшейтіп, өртке қарсы талаптар мен құрылыс нормаларын қатаңдату шараларын қабылдап жатыр. Азаматтарға, ең алдымен, балалар мен жастарға өрт, су тасқыны, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін мұқият, түсінікті тілмен жеткізу қажет. Олар апат кезінде қалай әрекет ететінін білуге тиіс. Сонымен қатар күнделікті өмірде, тыныш уақытта қауіпсіздік шараларын ұдайы есте сақтағаны жөн. Көпшілікті табиғат аясында демалу, су айдынында шомылу, тауға шығу, ауа-райы жайсыз кезде және басқа да жағдайларда көлік жүргізу сияқты азаматтардың денсаулығы мен өміріне қатер төндіретін сәттерде жауапкершілік танытуға үндеу маңызды", – деді Мемлекет басшысы.
