Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс. Бұл туралы бүгін Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жастар саясаты туралы айтқанда отбасы институтын ұмытпауымыз керек. Бұл – дәстүрді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды. Өкінішке орай, қазіргі таңда ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды», - деді Қасым-Жормат Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл мәселеге әлі күнге дейін баса мән берілмей отырғандығын баса айтты.
«Халқымызда »Отан – отбасынан басталады« деген қанатты сөз бар. Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуі қажет. Мұның мемлекет үшін маңызы өте зор. Жастарды тәрбиелеу ісінде ата-аналарға да зор жауапкершілік жүктеледі», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлуіміз керектігін атап өтті.
«Елімізде 14 жасқа дейінгі балалардың саны соңғы 5 жыл ішінде шамамен 1 миллионға көбейді. Қазір олардың саны 5 миллионнан асты. Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау және зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі күнтәртібінен түспей тұр. Бізге бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет», - деді Қ.Тоқаев.