Фото: Ақорда
Президент Вьетнам делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Сондай-ақ Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді.
- ➤ Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен.
- ➤ Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы пікір алмасты. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асты.
Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды.
То Лам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгтың ыстық ықыласын жеткізді.
"Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Содан бері екі елдің байланысы көшбасшылар мен азаматтардың күш-жігері арқасында ұдайы дамып келеді. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза", – деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Президент Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтті. Сонымен қатар 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш Президенті Хо Ши Миннің келгенін еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнам шынайы стратегиялық әріптестік орнатқанын айтты.
"Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді",– деді Мемлекет басшысы.
Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.
