Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Белгілі заңгер, адвокат Айман Омаровамен кездесуде азаматтардың құқығын қорғау және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, А.Омарова Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 130-бабының қылмыстық мазмұнын өзгерту және 174-бабына түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев А.Омарованың бастамасының маңызды екенін атап өтіп, кемсітушілікке қарсы заңнама нормаларын енгізгенде шетелдік тәжірибені қолдану қажеттігін айтты.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевпен әңгімелесу барысында сарапшылар қауымдастығы мен жұртшылықты белсенді тарта отырып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына бақылауды күшейту жайындағы ұсыныстар қаралды.
Қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекпен кездесу кезінде миграция және көші-қон туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері көтерілді. Ауыт Мұқибек Мемлекет басшысының «оралман» сөзінен бас тартып, оны «қандастар» деп өзгерту жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты.