Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Рәсім барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Давид Артуро Карриедо Томас, Израил мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман, Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Милан Коллар және Еуропа Одағының Төтенше және өкілетті елшісі Свен-Олов Карлссон сенім грамотасын тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, оларға мемлекетаралық қатынастарды дамыту және оны одан әрі ілгерілету ісінде табыс тіледі.
– Сіздердің миссияларыңыздың басталуы ел дамуының маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің стратегиялық бағытымыз – әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Осыған орай, қажетті бағдарламалардың бәрін қабылдап, кешенді реформаларды жүзеге асырып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс күшейген жағдайда сенімді мемлекетаралық қатынастар орнатудың маңызды екенін айтты.
– Жақында Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында кейбір елдер арасында «сенім дағдарысының» одан әрі өрши түскені анық байқалды. Өзара сенім орнықпаса, дағдарысқа қарсы кез-келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы халықаралық және өңірлік қақтығыстарды реттеу үшін Қазақстанның жүргізіп отырған көпвекторлық саясаты мен күш-жігерінің тиімділігін атап өтті.
Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арнайы тоқталды.
– Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Дипломатиялық байланыс орнаған сәттен бастап біз тату көршілік және өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық қатынастардың үлгілі моделін құрдық. Бүгінде екі елдің үкіметтері өзара келісімдерді жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс атқаруда. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастыру жөніндегі ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев биыл еліміздің Еуропа Одағымен дипломатиялық қатынас орнатқанына 25 жыл толғанын атап өтті.
– Қазіргі басты міндетіміз – 2015 жылы қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру. Сондай-ақ, Брюссельдің Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегиясын әзірлеуге күш жұмылдыру керек. Біз Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режімді жеңілдету мәселесі дұрыс шешімін табады деп сенеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Испания Корольдігі арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.
– 2017 жылы маусым айында Ұлы Мәртебелі Испания Королі VI Фелипе Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Өзара уағдаластықтарымызды жүзеге асыруға Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес зор үлес қосып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы экономиканың түрлі секторында Қазақстан мен Израил арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.
– 2016 жылы Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяхудың Қазақстанға ресми сапары және соның барысында өткен бизнес-форум өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейтуге тың серпін берді. Біз өзара қатынастарымызды, әсіресе ауыл шаруашылығы, инновациялық технологиялар және денсаулық сақтау салаларын одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Словакиямен ынтымақтастықтың оң қарқынын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымын арттырудың және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытудың маңызды екенін айтты.
– Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия зор үлес қосып келеді. Болашақта бізге тауар айналымын ұлғайтып, өзара экономикалық қатынастарды дамытудың жаңа бағыттарын айқындау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Рәсім соңында Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтады.