Мемлекеттік басшысы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Ескендір Бейсембетовті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан Президентіне университеттің даму перспективалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері жөнінде мәлімет берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнының отандық білім беру жүйесінде ерекше орын алатынын атап өтіп, индустрияландыру бағдарламасының талаптарына сәйкес жоғары білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын айтты.
– Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университет – инженер маман даярлайтын ең ірі оқу орындарының бірі. Біз оны дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап келеміз. Университетке дербестік берілген. Сонымен қатар, бұл оқу ордасы зерттеу университетіне айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Е.Бейсембетов қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін қабылданып жатқан шараларды, сондай-ақ әлемдік үрдістерді ескере отырып, білім беру сапасын арттыру үшін атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.