Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша Астананың өңірлік жалпы өнім көлемі 34–35 миллиард долларға жетуі мүмкін.
Президент соңғы 11 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 118,6 пайызды құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция тарту, құрылыс, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту көрсеткіштері бойынша Астана елімізде көш бастап тұр.
– Биыл елордада 5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – республика бойынша салынған баспананың төрттен бірі. Сонымен қатар бұл көрсеткіш Орталық Азиядағы басқа астаналармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ 2025 жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайызға өскен. Сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен. Ал қала бюджетіне түскен салық көлемі 4,3 триллион теңгені құраған.
Президенттің мәліметінше, 2024 жылы Астананың өңірлік жалпы өнімі 15 триллион теңгеден асып, шамамен 32 миллиард доллар болған. Биыл бұл көрсеткіш 17 триллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазіргі таңда елорда халқының ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен.
Мемлекет басшысы жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткішінің де оң екенін айтты. Oxford Economics ұйымының 2025 жылғы индексіне сәйкес, Астана Азия қалалары арасында 36-орынға, ал әлем бойынша 276-орынға тұрақтаған.
– Бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Әлеуетіміз зор, алдағы уақытта рейтингтегі орнымызды жақсартуға толық мүмкіндік бар. Астана басқа өңірлерге үлгі болуы тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың экономикалық белсенділігі артып келе жатқанын айтып, соған сәйкес әкімдік пен жауапты мемлекеттік органдарға жаңа міндеттер жүктелетінін атап өтті.
