01 нау, 2026 сағат 12:24

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл мерекенің халқымыздың ең асыл құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, өзара құрмет, жанашырлық және шынайы тілеулестік – ұлт болмысына тән қасиеттер. Алғыс айту дәстүрі ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтып, рухани тұтастықты арттыруға қызмет етіп келеді. Қазіргі құбылмалы кезеңде бұл құндылықтардың маңызы айрықша.

Мемлекет басшысы ең алдымен елді қиын-қыстау замандарда сақтап, ұрпаққа баға жетпес мұра қалдырған ата-бабаларға тағзым етті. Сондай-ақ ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, кәсіпкерлер, жұмысшылар, құқық қорғау органдарының өкілдері, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға және адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматтарға алғыс білдірді.

Президент жастар мен еріктілерге ерекше ризашылығын жеткізді. Оның сөзінше, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген белсенді азаматтардың еңбегі – жасампаз әрі жауапты отаншылдықтың айқын көрінісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тарихи бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және Тәуелсіздік пен Егемендікті нығайтуға бағытталғанын айтты.

Мемлекет басшысы алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асуы халықтың бірлігіне, парасаттылығына және саналы азаматтық ұстанымына байланысты екенін жеткізді. Оның пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаларын берік ұстанып, ынтымақ пен татулықты сақтай білсек, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанды бірге құруға болады.

Президент барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тіледі.