20 қар, 2019 сағат 13:57

Тоқаев: Қазақстан өңірдегі кибер мемлекетке айналуы тиіс

Мемлекет басшысы елордадағы инновациялық экожүйе нысандарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Alem» бағдарламалау мектебіне, Халықаралық «Astana hub» IT-стартаптар технопаркіне және «Astana IT University» ақпараттық технологиялар университетіне барды. Бұл нысандардың бәрі «Астана ЭКСПО-2017» аумағында орналасқан.

Қазақстан Президенті «Alem» мектебінің оқыту бағдарламасымен танысты. Оқушылармен әңгімелесу барысында ол әлемде IT саласының өзектілігі мен сұранысқа ие екенін атап өтті.

– Қазақстанның мақсаты – әлемдік үрдістен қалып қоймау. Ең бастысы, заман ағымымен жүріп отыруымыз керек, әйтпесе біз әлемдік даму үдерісінен сырт қаламыз. Біз жастарды осындай дағдыларға баулып, аталған салаға көптеп тартуымыз керек. Білім алуға ұмтылатын өте қабілетті жастарымыз жеткілікті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқушылар Мемлекет басшысына лекцияларды, баға қою әдісін және басқа да дәстүрлі білім беру элементтерін мұғалімсіз бағдарламалауды қалай үйрену керектігін айтты.

Содан кейін Мемлекет басшысы Халықаралық «Astana hub» IT-стартаптар технопаркіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа технопарк базасында жүзеге асырылып жатқан матчмейкингке арналған киберспорт платформасы мен автоматтандырылған «INUI Software» сауда алаңы, «Tastamat» мобильді постаматтары, «Clockster» деп аталатын қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуін тіркейтін биометриялық жүйе және басқа да стартап-жобалар таныстырылды.

«Astana IT University» ақпараттық технологиялар университетінде Мемлекет басшысына жоғары оқу орнының негізгі бағыттары туралы мәлімет беріліп, оқу кабинеттері мен зертханалары көрсетілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев студенттерді сапалы білім алып, еліміздің игілігі үшін  жұмыс істеуге шақырды.

– Университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған. Білім беру тұрғысынан бұл университет беделді әрі білікті мамандар даярлайтын, беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады, – деді Президент.

«Цифрландыру – заман талабы. «Astana Hub» отандық инновациялық цифрлық ортаның дамуына мол үлес қосуда. «Digital Centre» (цифрлық ХҚКО) көптеген мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде көрсетеді. БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстан 26-шы орында», - деп жазды кейін Президент Twitter парақшасында.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан өңірдегі кибер мемлекетке айналуы тиіс екенін айтты.

«Astana IT University» және «Alem» бағдарламалау мектебінде IT-дарындарының жаңа буыны қалыптасып келеді. Олар – озық Қазақстанның қозғаушы күші. ҚР өңірдегі кибер мемлекетке айналуы тиіс. Еліміздің технологиялық келешегі жалынды жастарымыздың қарым-қабілетіне байланысты», - деді ол.