Фото: Akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясы аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серіктесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға баса мән беретінін айтты.
Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.
– Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда Сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығын оң бағалады.
Өз кезегінде Иран Президенті Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иранды достық пен өзара қолдауға негізделген үлгілі қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
– Иран мен Қазақстан арасында өте жақсы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктестік бізге өзара байланыстарды, әсіресе сауда саласындағы қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға жетелейді. Біз бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Елдеріміздің әлеуеттері зор және осы мүмкіндіктерді пайдалану біздің ортақ игілігімізге қызмет етеді, – деді Ибрахим Раиси.
Мемлекеттер басшылары елдеріміздің көлік-транзит байланыстарын дамыту үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты күшейту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін кеңінен пайдалану жағдайы атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңызды екеніне назар аударды.
Президенттер белгіленген экономикалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.