Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Н.Әбдібеков Нұрсұлтан Назарбаевқа Есеп комитетінің 2017 жылғы жұмысының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңдегі міндеттері жөнінде баяндады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл орган 354 нысанға 25 тексеру жүргізген. Аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде қайтарылуға тиісті 307,3 миллиард теңгенің 198,5 миллиарды өтелгенін мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Есеп комитетіне «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң нормаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіне Есеп комитеті тарапынан неғұрлым мұқият бағалау жүргізудің маңыздылығына тоқталып, заң бұзушылыққа жол бермеу үшін жүйелі шаралар қарастыру керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы Есеп комитетінің өңірдегі тексеру комиссияларының жұмысын үйлестіруде, сондай-ақ олардың қызметін жақсарту жөніндегі әдістемелік және тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін бұған дейін қабылданған нормативтік құқықтық актілерге және мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.