05 қаң, 2021 сағат 06:28

Мемлекет басшысы: Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз

Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз», - деді Президент.