11 там, 2024 сағат 18:07

Мемлекет басшысы Бразилия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады



Мемлекет басшысы Бразилия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды «Үлт ақпарат».


Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилияның Сан-Паулу штатында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Президент Луис Инасиу Лула да Силваға көңіл айтты.


"Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өз атымнан Сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ достас Бразилия халқына көңіл айтамын", – деп жазылған жеделхатта.


Бразилияда ATR-72 турбовинт ұшағының апатқа ұшырауына ұшақ қанаттарында мұздың пайда болуы себеп болуы мүмкін. Ұшақ тұрғын ауданға құлаған.


Ұшақ басқарылмай, қатты мұзданған аймаққа кіріп, айнала бастады деген болжам бар. Ұшақ ауада айналып, кейін құлаған. Құлау салдарынан 62 адам қаза тапты - 58 жолаушы, екі бортсерік, екінші ұшқыш және әуе кемесінің командирі.


Ұшақ Каскавелден (Парана штаты) Гуарульосқа (Сан-Паулу штаты) ұшты.


Полиция апатқа қатысты тергеуді бастады.