21 қаз, 2025 сағат 16:55

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

«Ақорда» резиденциясында елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Бұдан соң екі елдің әнұрандары орындалды.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді.

«Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет», – деді Мемлекет басшысы. 


Ильхам Әлиев Қазақстанды бар жағынан қолдайтынын жеткізді.

"Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз", – деді Әзербайжан Президенті.


Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады. 

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды.