Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашевпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Ақ жол» демократиялық партиясы мен оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жұмысы жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президенті «Ақ жол» демократиялық партиясының мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, оның негізгі басымдықтарын халыққа түсіндіру ісіндегі рөлін ерекше атап өтті.
– Сіз еліміздегі тәжірибелі Парламент депутаттарының бірі ретінде ұзақ жылдардан бері «Ақ жол» партиясына басшылық етіп келесіз. Партияларыңыз нақты жұмыстар атқаруда. Мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына қолдау білдіріп, халық бірлігін нығайту жолында зор үлес қосып келесіздер, – деді Елбасы.
А.Перуашев партия фракциясының биылғы Жолдаудың негізгі бағыттарын орындау, соның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020», «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыруға және отандық бизнесті қолдау мақсатымен қабылданатын шараларға қатысты ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыстарын атап өтті.