29 мау, 2018 сағат 16:51

Мемлекет басшысы Астана маңайында ағаш отырғызып, қырғауылдарды еркіндікке ұшырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың айналасына егілген жасыл белдеуді аралап, қырғауылдарды еркіндікке ұшыру шарасына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы орман шаруашылығының қызметкерлерінен Астана маңына көшет отырғызу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Жұмыстың игі бағытта жалғасып жатқанын көрген Президент бұл шаруаларға көңілі толатынын білдірді.


Осыдан кейін Елбасы «Жасыл ел» қатарында қарқынды жұмыс жасап жатқан жастарға жақындап, ағаш отырғызды. Ағаш отырғызу барысында Нұрсұлтан Назарбаев жастардың арасындағы жігіттің есімін сұрады. «Есімім Еспембет», - деп жауап берген жұмыскер студентке Мемлекет басшысы алыстағы биік тоғайды көрсетті.


«Анау бірінші отырғызылған ағаштарды көрдің бе? Ол кезде мынадай көшет жоқ болатын. Ал мына талдар мінекей - 5-7 жылдықтар. Анау жайқалып тұрған ағаштардың отырғызылғанына 20 жыл өтіп кетті. Қаланы салдық. Бұрын қала тұрғындары қала шетіне шықса, баратын жер жоқ болатын. Содан бастап 20 жыл бойы осы жерлерді аралап келе жатырмын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Айта кетсек, Астана қаласын желден сақтау үшін, халықтың қолайлы климатта тұруын қалыптастыру үшін ҚР Президенті 1997 жылдың қыркүйегінде жобаны жүзеге асырудың қиындығына қарамастан, Астана қаласының жасыл белдеуін құру туралы шешім қабылдаған болатын.


Бірінші кезеңде - 1998 жылдан бастап 2004 жылдар аралығында Астана қаласының шегінде орналасқан елорданың жасыл белдеуін құру көшеттерді ықтырмааралық кеңістіктерді сақтай отырып, орман алқабы етіп отырғызу жолымен жүргізілді. Осы уақытта бірінші кезеңнің жұмысы толығымен аяқталды. Астананың жасыл белдеуінің жалпы ауданы 14 827 гектарды құрайды. Соның 11 502,2 гектарында 9,6 млн ағаштар және 1,8 млн шамалас бұталар өсіп-өніп жатыр. 

Астана қаласының айналасындағы жасыл белдеуді күтіп ұстау мақсатында 2005 жылы құрылтайшысы елорда әкімдігі болып табылатын мамандандырылған кәсіпорын - «Астана орманы» құрылды. Кәсіпорын біздің өңірдің маусымдылығы мен табиғи-климаттық жағдайын ескере отырып екпе көшеттерді отырғызу, топырақты механикаландырылған түрде өңдеу, түптеу және ағаштар мен бұталарды қалыптастыру, аурулармен және зиянкестермен күресу мақсатында химиялық өңдеу, өртке қарсы жұмыстар, ағаш екпелерді шабудан, ластаудан және тағы да басқа бұзушылықтардан күзету тәрізді кешенді агротехникалық жұмыстарды жүргізеді.

Екінші кезең жұмыстары 2009 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті келуінен кейін басталды. Онда жасыл белдеуді орман алабына айналдыру мақсаты қойылды. «Астана орманы» ЖШС жұмыстарды орман шаруашылығының Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе (Щучинск қ.) 2010 жылы бастаған. Ал 2011 жылы бекем, өнімділігі жоғары әртүрлі ағаш түрінің орман екпелерін құру бойынша ғылыми-өндірістік тәжірибелерді жасау жүргізілді.

2019 жылдан бастап екінші қабылдаудағы орман екпелерін құру бойынша IV кезек (жылына 500 мың көшет отырғызу) жобасы қолға алынады. Жобалардың барлық кезектерін жүзеге асыру орман қорғау алқаптарын отырғызуының ықтырмалы тәсілін орман алабына айналдыруға, ағаш дақылдарының жаңа ұзақ ғұмырлы қылқанжапырақты түрлерін енгізуге және аудандастыруға мүмкіндік береді.